Әдетте біздер «Қазақстан мұнайлы ел, мұнай химиясын дамытуымыз керек» деп жүргенде, мұнайдың да шеті көрініп қалғаны жасырын емес. Бірақ көмір химиясының келешегі зор.
Нақты барлау жұмыстарына назар аударсақ, алдағы 50-60 жылда мұнайдың да түбі көрінуі бек мүмкін. Қазыналы қазақ жерінің жер қойнауында мұнайдан гөрі көмірдің мол қоры бар. Мамандар оны 500-600 жылға дейін алаңсыз өндіруге болатынын алға тартуда. Бірақ қазір төрткүл дүние баяғыдай көмір жағып, қуат көзін өндіруден бас тартып жатқаны белгілі. Мұндай жағдайда көмірді тек қана отын-энергетика көзі ретінде әсте пайдалануға болмайды.
Бірақ көмір химиясының келешегі зор. Кезінде Екінші дүниежүзілік соғыста неміс басқыншылары көмір химиясын дамытып, танктеріне көмірден шыққан дизель отынын құйып, әскери операцияларын жалғастырғанын тарихтан білеміз.
Сол себепті қазіргі таңда көмір химиясын дамытуға ешқандай ел шектеу қойып отырған жоқ. Осыдан біршама уақыт бұрын ERG тобы акционерлерінің бірі Шухрат Ибрагимов Қарағандыдағы «Шұбаркөл көмір» компаниясының аумағында екі бірдей Шұбаркөл кокс-химия зауытын салып, кокс пен көмір смоласын өндіріп жатқанын естіп едік. Таяуда осы зауытты көзбен көріп, оның жұмысымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болдық. Зауыт басшысы Сабыржан Иманбаевпен сұхбаттасып, заман талабына сай инновациялық кәсіпорынның қалай жұмыс істеп жатқанын сұрап, білдік. Енді сол сұхбатқа назар аударсаңыздар.
– Сабыржан Шайзатұлы, елімізде миллиондаған тонна көмір өндірілетінін көпшілік жақсы біледі. Тіпті сіздер өндіретін Шұбаркөл көмірі сапасы жағынан ел ішінде аса танымал десек артық айтқандық болмас. Ал металлургия саласына қажетті кокс өндіру ісінде Шухрат Ибрагимов сынды мемлекетшіл азаматтардың арқасында жаңа зауыт салып, іске қосқандарыңызды естіп, қуанып жатырмыз. Әңгімеміздің әлқиссасын кокс өндірісінен бастасақ.
– Елімізде кокс өндірісі біршама дамыған. Бірақ өте ірі көлемде кокс өндіретін кәсіпорындарымыз болған жоқ. Ал металлургия саласы айтарлықтай дамыған ел үшін кокс өндірісінің тиісті деңгейде дамымағаны елдігімізге сын еді. ERG тобы жетекшілерінің бірі Шухрат Ибрагимов мырза осы олқылықтың орнын толтырды десек болады.
2024 жылы «Шұбаркөл көмір» компаниясының аумағында жылына 400 мың тонна металлургия саласына арналған кокс өндіретін зауыт толық қуатында жұмыс істей бастады. Біздер кокс өндіруге қажетті көмірді іргеміздегі Шұбаркөл кенішінен тасымалдаймыз. Шұбаркөлдің көмірінің сапасы өте жоғары. Мұндағы көмірді жартылай коксқа пара-пар десек болады.
Кез келген көмірден кокс өндіру қиын. Металлургия саласына қажетті кокс өндіру үшін сапасы өте жоғары көмір қажет. Жалпы, халық Шұбаркөлдің көмірі қызуы мен күлінің аз шығатынын айтып ұдайы мақтап отыратынын өзіңіз айттыңыз ғой. Бұған өз тарапымнан Шұбаркөлдің көмірінің химиялық реакцияға тез түсетінін қосуға болады. Сонымен қатар көмір құрамында көп кездесетін күкірт, мышьяк, хлор сынды улы заттар өте төмен. Мұны Шұбаркөлдің көмірінің басты артықшылығы деп атап айтсақ болады.
Енді зауытқа келсек, кәсіпорынның құрылысын жүргізу ісі 2020 жылдан бастап қолға алына бастады. 2021 жылдың қыркүйек айында Қытайдың инженерлік құрылысы компаниясымен жаңа кокс зауытының құрылысын жүргізу бойынша келісім-шартқа қол қойылған болатын. Осылайша, NESI Kazakhstan компаниясы зауыттың құрылыс жұмыстарын үш жыл бойы тоқтаусыз жүргізді.