21 Қаңтар 2025

Егемен Қазақстан.kz 21.01.25 – Табысты машина жасау зауыты

Ертіс-Баян өңірінде тау-кен металлургия мен мұнай-газ салаларына арналған күрделі жабдықтар шығаратын "ERG Service" ЖШС өнімдері бүгінде елімізге танымал. Отандық өндіріс орындары мен ресейлік компаниялар одан 20-дан астам өнім түрін сатып алып отыр.

"ERG Service" ЖШС құрамына енетін Павлодар машина жасау зауытында тау-кен-металлургия, мұнай-газ салаларына арналған металл құрылымдар мен стандартты емес технологиялық жабдықтар, сондай-ақ жүк көтергіші 10 тоннадан асатын крандар шығарылады.

"Машина жасау зауытының өнімдері арасында түрлі мақсатта қолданылатын дәнекерленген металл құрастырма, грейфер, жалпы және арнайы мақсатта қолданылатын, тіректі кран түрлері аса сұранысқа ие. Жылына 12 мың тонна металл құймасы мен 34 мың металл илемдерін шығарамыз. Бұған қоса жүк көтерімділігі 10 тоннадан асатын 8 кран, жүк көтерімділігі 10 тоннаға дейінгі 40 кран құрастырамыз. Өнімдеріміз Қазақстанның өндіріс орындарымен қатар Ресейдің ірі кәсіпорындарына да жөнелтіледі. Мұнда 2,5 мыңға жуық жұмысшы еңбек етеді. Зауыттағы орташа еңбекақы - 360 мың теңге", деп әңгімеледі "ERG Service" серіктестігінің бас директоры Сергей Перепечин.

Негізі машина жасау зауыты 1995 жылы құрылған. 2015 жылы "ERG Service" құрамына енді. Аталған компанияға бүгінде павлодарлық зауыттан бөлек, Қостанайдағы жөндеу-механикалық және илемдеу зауыты, Рудный қаласы мен Павлодар облысындағы жөндеу кәсіпорындары кіреді.

дереккөзі