ERG құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауыты Стокгольм конвенциясы мен ҚР Экологиялық кодексі талаптарының міндеттемелерін орындады.
ХХ ғасырда бүкіл әлемде энергетикалық жабдықтардың қызып кетуіне жол бермеу үшін ұзақ уақыт бойы кеңінен қолданылып келген құрамында полихлорлы дифенилдер (ПХД) мен өзге де бірқатар химиялық қоспалар – «берік органикалық ластағыштар» деп танылды. Кейін келе бұл заттар суда, атмосферада алыс аумаққа таралып, жерге, тіпті жерасты суларына сіңіп кету қаупі жоғары екені анықталды. Ол адам организмінде қордаланып, иммунитеттің әлсіреуіне әкеліп, түрлі ауруларды қоздыруы мүмкін. Міне сол себепті, ПХД қалдықтар жаһандық экологиялық қауіптер қатарына жатқызылған. 2001 жылы осы Берік органикалық ластағыштар туралы БҰҰ Стокгольм конвенциясы қабылданды.
Қазақстан Республикасы да осы конвенцияға қосылды. Құрамында ПХД бар жабдықтарды тиісінше пайдалану, біртіндеп тоқтатып, оларды 2028 жылға дейін экологиялық қауіпсіз тәсілдермен залалсыздандыру талаптары заңнама және құқықтық нормативтік актілермен бекітілді.
– Компанияның негізгі өндіріс ошағы – Павлодар алюминий зауытында құрамында ПХД бар жабдықтар тегіс түгенделді. Кейін олдарды кезең-кезеңімен істен шығару жоспары түзілді, – дейді «Қазақстан алюминийі» АҚ Бас экологы Мақсұт Жақыпов. – Осы ауқымды жоспар аясында зауыттың 3 цехында 59 конденсатор мен 3 трансформатор арнайы белгіленіп, барлық тиісті талаптарды сақтай отырып, біртіндеп істен шығарылып, демонтаждалды.
Улы қалдықтарды залалсыздандыру ісінде тәжірибесі толысқан мердігер компания мамандары құрамында ПХД бар майларды арнайы герметикалы контейнерлерге салып, зауыттан арнайы қоймаға жеткізген. Кейін ол Францияға, Еуропадағы қауіпті қалдықтарды жойып, залалсыздандыратын ең ірі кәсіпорынға жөнелтті.
Осылайша, «Қазақстан алюминийі» АҚ өзінің барлық алаңдарын құрамында ПХД бар жабдықтар мен қалдықтардан босатып, Берік органикалық ластағыштар туралы БҰҰ Стокгольм конвенциясы мен ҚР заңнамалық талаптарын толық орындады.