07 Ақпан 2025

Хромтауда заманауи мәдени-демалыс орталығы ашылды

Жаңа мәдени-демалыс орталығы өркендеп келе жатқан Хромтау ауданында орналасқан. Нысан заманауи сахна, цифрлық фильм көрсету жүйесі бар үлкен залының арқасында тұрғындардың сүйікті орталығына айналады. Кешен Eurasian Resources Group (ERG) пен Ақтөбе облысы әкімдігінің арасындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру туралы меморандум аясында салынған. Оның құрылысына Топ құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ 1,6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлді. Ал жобаның жалпы құны – 1,8 млрд теңге. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен «Еуразиялық топ» ЖШС Бас директоры Серік Шахажанов жаңа мәдениет орталығының инфрақұрылымын көріп қайтты.

– Мемлекет басшысы ұлттың қуаты тек экономикалық әл-ауқатта ғана емес, рухани байлығында да екенін әрдайым атап өтеді, — деді облыс басшысы Асхат Шахаров. — Мәдениет – бұл халықтың жаны, оның естелігі мен болашағы. Осы орталықты ашу арқылы біз әрбір адам өзінің бай мәдени мұрасына қол жеткізіп, оны дамытуға өз үлесін қоса алатын орта жасаймыз. Бұл мәдени-демалыс орталығы қала тұрғындарының сүйікті орнына, өнерді, шығармашылықты бағалайтын және рухани дамуға ұмтылатын барша халық үшін тартымды орталыққа айналатынына сенімдімін.

Бірнеше жыл бұрын ERG басшылығымен кездесулердің бірінде Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері Хромтауға заманауи кинотеатр қажет екенін жеткізген болатын. Бұған дейін хромтаулықтар фильм көру үшін  облыс орталығы – Ақтөбеге қатынайтын. Топ басшылығы өңірдің күннен-күнге дамып келе жатқанын ескеріп, шешімді қабылдады.

– Біз әрдайым еуразиялықтардың тек еңбек жағдайының ғана емес, өмір сүру жағдайының да қолайлы болуына көңіл бөлеміз, — деді Серік Шахажанов. – Сондықтан біз бұл мәселені талдадық. Бір ғана кинотеатр салу мүлдем дұрыс емес деген қорытындыға келдік. Шахтерлер мен кеншілер  қаласы өсіп келеді. Ойлана келе, бұл жақта кинотеатрдың ғана емес, тұтас бір мәдени-демалыс орталығының құрылысын қаржыландыру туралы шешім қабылдадық. Қызметкерлеріміз бен Хромтау тұрғындарының сауалнамасы негізінде жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалардың барлығы туған қалаларымыздағы адамдардың келешегін жақсартады деп сенеміз.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы 2024 жылы ERG-дің қолдауымен гүлдеген №5 орта мектебінде де болды. Бөлінген 179,5 млн. теңге инвестиция нәтижесінде мектеп заманауи жабдықтармен толықты: оқу кабинеттеріне интерактивті тақталар орнатылды, ас әзірлеу бөлмесі толығымен жаңартылды, спорт және мәжіліс залдары қажетті жабдықтармен жабдықталды.

Облыс әкіміне ERG-дің жел электр станциясы, дәлірек айтқанда, өткен жылдың соңында іске қосылған алғашқы екі жел генераторы таныстырылды. Әрқайсысының қуаты – 6,25 МВт. Бүгінгі таңда бұл – Қазақстанда жұмыс істеп тұрған ең қуатты жел генераторлары. Олар «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының желісіне «жасыл» электр энергиясын беріп тұр. «Хромтау» ЖЭС құрылысына жұмсалған инвестиция – 74 млрд. теңгеден асты. Жобаны биыл толығымен іске қосу жоспарланып отыр. ЖЭС жыл сайын 460 млн. кВт/сағатқа дейін «жасыл» электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Бұл көміртек іздерін айтарлықтай азайтуға сеп. Жобаны іске асыру атмосфераға шамамен 440 мың тонна көмірқышқыл газын және 4 мың тоннадан астам ластаушы заттар шығарындыларын жояды.

Сапардың келесі нүктесі – ERG Ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының жаңа зертханасы. Ол компанияның барлық өндірістік бөлімшелері – Хром, Темір, Алюминий және Көмір дивизиондарына қолданбалы зерттеулер жүргізіп, инновациялық шешімдер сыналатын заманауи ғылыми кешен.

– ҒЗИО зертханасы – тек қолданыстағы технологиялық процестерді қолдау орталығы ғана емес, сонымен қатар инновациялық шешімдерді әзірлеу алаңы. Мұнда шикізатты өңдеу әдістері әзірленіп, жетілдіріледі. Бұл өндірісіміздің тиімділігіне және тұрақтылығына тікелей әсер етеді, - деп атап өтті компания өкілдері.