ERG құрамындағы «Казхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында элементтік құрамның ағымдық талдау жүйесі орнатылды. Енді өндірілетін кенді жер бетіне шығарылған бойда, оның сапасын бірнеше секунд ішінде анықтауға болады. Мұндай қуатты инновациялық қондырғы Қазақстанның тау-кен металлургия саласы кәсіпорындарында алғаш рет қолданысқа еніп отыр.
Әдетте конвейердегі шикізаттың элементтік құрамын анықтау үшін сынамалар алынып, химиялық талдау жасалады. Бұған бірнеше сағат кетеді. Мамандар Дөң тау-кен байыту комбинатында бұл процесті барынша автоматтандыруды ұйғарған. Өткен жылдың соңында №1 ұсатып-байыту фабрикасының конвейеріне «Сынама мұнарасы» деп аталатын сынама алу және дайындау жүйесі орнатылды. Осы әдіс қолмен сынама алудан арылуға мүмкіндік берген. Бұл мамандарды ауыр үлгілерді тасымалдаудан босатып, конвейердің өнімділігін арттырды. Енді оны тоқтатудың қажеті жоқ.
Geoscan-M ағымдық талдау жүйесінің орнатылуы шикізатты өңдеу кезеңін одан әрі жеңілдетеді. Яғни кеннің құрамы мен ылғалдылығын конвейер таспасында анықтайды.
– Жүйе автоматтандырылған және барлық дерек кәсіпорынның ақпараттық жүйесіне бірден жіберіледі. Технологтар, кеншілер мен басқа да мамандар кендегі хромның мөлшерін жедел көріп, байыту процестерін түзете алады. Технологиялық қателерді азайтудан бөлек, жүйе қоймадағы есептің дәлдігін арттыруға септеседі, - дейді жоба менеджері Алексей Ганушкин.
Жаңа талдау жүйесі кендегі 5 химиялық элементтің (хром, темір, кальций, кремний және алюминий) және ылғалдылықтың мөлшерін нақты уақыт режимінде анықтауға септеседі. Өлшеу қателігі 1%-тен аспайды. Талдағыш конвейер таспасының секундына 2 метрге дейінгі жылдамдығында сағатына 1200 тоннаға дейін кенді өңдей алады.