8 наурыз – мейірімділік пен жылулықтың және әдемілік пен сұлулықтың мерекесі. Дәл осы күні аруларды құттықтай отырып, оларға деген ықылас-ілтипатымызды білдіреміз.
Бүгінде еліміздің қыз-келіншектері барлық салада белсенді еңбек етіп, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып келеді. Мерекеге арнайы ғұмырын жұмысқа арнап, қарапайым қызметте еңбек етіп жүрген нәзік жандарды топтастырып, таныстырмақ болдық.
«Еш өкінбеймін, қайта таңдау түссе осы жұмысым таңдар едім»
«Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы-Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Молодежная» шахтасында 20 жылдан бері істейтін Әсем Байсеркешова өз жұмысынан жалықпағанын айтады. Бүгінде ол – жүк көтеру машинасының операторы.
– «Жастар» шахтасында істегеніме биыл тамыз айында 20 жыл толады. Ал көліктің операторы болғаныма 10 жылға таяды. Шахтаға жұмысқа келгеніме еш өкінбеймін, жұмысым, жұмыс істейтін жерім, өз ортам, ұжымым қатты ұнайды. Ауызбіршілігіміз жарасқан, кімнің не істейтінін, қалай істейтінін беске білеміз. Бәріміз бір үйдің баласындай болып кеттік, – дейді Әсем Байсеркешова.
Айтуынша, шахтада жұмыс үзілмейді. Өздері бірнеше ауысыммен жұмыс істейді. Машинистер ұжымы негізі қыздардан құралған.
– Менің міндетім – адамдарды ауысымына қарай шахтаға түсіру. Бір тордың сыйымдылығы – 36 адам. Алдымен маған дабыл беріледі. Ал оны реттеп, жұмысшылардың торға кіруін қадағалайтын өзгелер. Маған белгі берілген соң қажетті аумаққа, яғни тереңдікке түсіріп, көтеріп аламын. Дыбыс соғылған сайын келесі көлікке ауыстырылады. Себебі мен бір ғана емес, үш бірдей көлікте істеймін, – деген жүк көтеру машинасының операторы қосымша өндірісте де жұмыс істейтінін жеткізді.
«Жұмысым – менің екінші үйім»
Тағы бір кейіпкеріміздің «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Молодежная» шахтасында қызмет еткеніне 25 жыл болған. Есімі – Динара Сармулдина. Әуелде шахтерлердің шамы мен шамшырағына жауап берсе, соңғы он жыл сигнал беруші қызметін қатар алып жүр.
Айтуынша, марқұм жолдасы Дәурен Оспанов та шахтада жұмыс істеген. Алайда 2002 жылы ол жол апатынан қаза тауып, асыраушысынан айырылғандықтан, өзі жұмысқа тұрған.
«Екі қызым бар. Біреуі – тұрмыста, екіншісі – студент. Марқұм жолдасым дүниеден өткеннен кейін мені жұмысқа алды. Бұрын еден жуып жүргенде «шамды қадағалайтындар секілді болсам ғой» деп армандайтынмын. Армандаса, армандар орындалады екен. Бірде басшылық мені осы қызметке ауыстырды. Қазір жұмысым – менің екінші үйім. Өз жұмысымды жақсы көремін», – дейді Динара Сармулдина.
Шамға жауап беретін әр қызметкердің жауапкершілігінде 4-5 учаскесі бар. Соның бәрін қадағалап, тексеріп, ақауы болса, бірден хабарлап отырады.