ERG мен Қостанай облысының әкімдігі әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы өзара түсіністік туралы меморандум жасасты. Топ биыл бұл мақсаттарға 2,6 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсайды. Құжатқа бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Eurasian Resources Group-тің Қазақстандағы Бас директоры Серік Шахажанов қол қойды.
Жобалар қала тұрғындары арасында өткізілетін сауалнама нәтижесінде айқындалып, өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Өңірдегі Топтың биылғы басты жобасы – Рудный қаласындағы 1200 оқушыға шақталған заманауи мектеп құрылысы. 4 қабатты білім ұясы биыл бой көтеріп, тапсырылады деп жоспарланған. 2023 жылдан беру нысанның құрылысына жалпы сомасы 8 млрд теңгеге жуық инвестиция жұмсалған. Жаңа мектепте алуан түрлі әдістемелер мен білім берудің жаңа технологиялары кеңінен қолданылады деп күтілуде. Оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше көңіл бөлінген.
Компания «туған қалаларындағы» білім беру бастамаларына ерекше көңіл бөледі. Меморандум аясында «ERG мектебі» және «ERG колледждерге» бастамалары жалғасын табады. Ол аймақтағы оқу ордаларының білім сапасын арттыруға, халықаралық тағылымдамалар мен осы саладағы озық әдістемелерді енгізуге септеспек. Рудный қаласындағы мектептерде білім беру жүйесін әдістемелік дамыту жобасы мен колледждердің материалдық техникалық базасын нығайтуға да қаражат қарастырылған. Бұл мақсаттарға 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінбек.
Қалыптасқан дәстүр бойынша 2025 жылдың меморандумына өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға бағыталған жобалар енді. Мәселен, Лисаковск қаласындағы саябақ аумағын абаттандыруға 155 млн теңге жұмсалады.
Меморандум аясында Рудный, Лисаковск қалалары мен Қашар және Октябрьский кенттерінде «Tugan Qala» бастамасының 31 жобасы іске асырылады. Бұл тұрғындардың өздері бастама көтеріп, кейін білікті сарапшылардың қолдауымен пысықталып, тиянақтаған жобалар. Бұл мақсатқа 317 млн теңге бөлу жоспарда бар. Бағдарлама аясында 13 инфрақұрылымдық бастама мен 3 шара қаржыландырылады. Мәселен, Рудный қаласында батырлар шоуы, Абай күніне орайластырылған шара мен этно сән фестивальі өткізіледі. Жоғарыда аталған барлық елді мекендерде «Tugan Qala» аулалардағы түйткілдерді шешіп, балалар мен спорт алаңдарын, автотұрақтар мен ойын алаңдарының бой көтеруіне септеседі.
– «Соколовка» күллі әлемге тек өндірістегі жетістіктері ғана емес, өз ісінің шын шеберлерімен де кеңінен танымал. Біз қызметкерлеріміздің, олардың отбасы мүшелері лайықты білім алып, демалу мүмкіндіктеріне ие болғанын қалаймыз. Қазақстандықтарға қамқорлық – әрдайым Топтың басым бағыты болып қала береді,- деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов. – Кейінгі үш жылда Топ бірқатар қатерлер мен тәуекелдерге тап келгеніне қарамастан, ERG әлеуметтік бағдарламаларын жалғастырып, бұл жобаларға қомақты қаражат қарастырып отыр. Бұл меморандумдар соның дәлелі.
ERG қызметін бастағалы бергі 30 жыл бойы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Қазіргі таңда ERG-дің Топ кәсіпорындары орналасқан өңірлердің әлеуметтік саласын дамытуға құйған инвестицияларының көлемі 400 млрд теңгеге жуықтады.