Ақсу қара металлургия колледжінде Жұмысшы мамандықтарының форумы аясында «Металлургия» бағыты бойынша құзырет орталығы салтанатты түрде ашылды. Колледждер альянсы мен ERG бастамасының нәтижесі болған жаңа орталық – қазіргі заманғы стандарттар мен технологиялар деңгейінде өндірістік міндеттерді шеше алатын жоғары білікті мамандарды даярлаудың негізгі көзіне айналады. Орталықты жабдықтауға ««Қазхром» ТҰК» АҚ 45 миллион теңгеден астам инвестиция бағыттады.
Ашылу салтанатына өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
– Өңірдегі ең ірі жұмыс беруші ретінде бізге колледждің өндірістің нақты жағдайларын түсінетін, қажетті дағдыларға ие және жауапкершіліктен қорықпайтын жастарды даярлауы өте маңызды, - деп атап өтті Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев. – Бұл орталық жай ғана оқу кабинеті емес, теория бірден тәжірибеге ұласатын, саламыздың болашақ мамандары қалыптасатын алаң. Біз осы процестің бір бөлшегі болғанымызға қуаныштымыз және бірге өңірдің жаңа индустриалды элитасын балутынымызға сенімдіміз.
Орталық соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. Яғни мұнда заманауи жабдықтар, WorldSkills және ERG Skills стандарттары бойынша оқу материалдары, интерактивті тренажерлер, жаңартылған дәнекерлеу цехы бар. Орталықта тренингтер, шеберлік сыныптары, практикалық сабақтар, сондай-ақ жұмысшыларды сертификаттау өткізіледі. Қазірдің өзінде бұл жақта өндіріспен тығыз байланыста дуалды оқыту бағдарламалары бойынша студенттерді даярлау басталды.
Форумға қатысушылардың ерекше назары Қазхромның қолдауымен жаңғыртылған дәнекерлеу цехына ауды. Тек жабдықтарға ғана емес, еңбек жағдайлары да жақсарған. Ауаны тиімді тазалауды қамтамасыз ететін озық желдету жүйесі, сондай-ақ өнеркәсіптік ортаға барынша жақындатылған жаңа дәнекерлеу орындары орнатылды.
– Бүгін студенттеріміз күні кеше ірі өндіріс аясында ғана қолжетімді болған технологияларға қол жеткізе алады, - деп атап өтті Ақсу қара металлургия колледжі директоры Қайыржан Кәрімов. - Бұл жай ғана жаңа жабдық емес – бұл оқытудың жаңа философиясы: студент мақсатты көргенде, өзін үлкен істің бөлігі ретінде сезінеді және армандаған мамандығына сенімді түрде қадам басады.
Ақсу ферроқорытпа зауытымен стратегиялық серіктестік арқасында колледж 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Зертханалық технологиялар» мамандығы бойынша жаңа білім беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бағдарлама кәсіпорынмен бірлесіп әзірленген және өндірістік циклдің барлық ерекшеліктерін ескереді. Бұл түлектердің барынша практикалық ұтымды тұсын және жұмысқа орналасудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Болашақтың жоспарлары ауқымды: өндірістік процестерді модельдеу үшін VR-шешімдерді енгізу, құзыреттер тізбесін кеңейту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ең бастысы – қазіргі заманғы индустрияның сын-қатерлеріне сәйкес келетін кадрларды даярлаудың тұрақты жүйесін құру.
Тек 2024 жылдың өзінде ERG колледждерді жаңғыртуға 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Сонымен қатар, ERG мен колледждер альянсының үздік педагогтары мен студенттері Қытай мен Германияның жетекші оқу орындарында тағылымдамадан өтеді. Өткен жылы ERG қатарына рекордтық мөлшерде – 737 түлек қабылданды.
ERG компаниясы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді түрде инвестиция құюын жалғастыруда. Қызметін бастағалы бері ERG-дің Топ кәсіпорындары орналасқан аймақтарға құйған әлеуметтік инвестицияларының көлемі шамамен 400 миллиард теңгеге жетті.