25 Сәуір 2025

ERG мен TCC ферроқорытпа газын кәдеге жарататын ТМД-дағы алғашқы электр станциясының құрылысына қатысты EPC-келісімшарт жасасты

Eurasian Resources Group (ERG) пен China TianChen Engineering Corparation (ТСС) «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 балқыту цехынан шығатын ферроқорытпа газын кәдеге жаратар электр станциясының құрылысына қатысты EPC-келісімшарт жасасты.

ERG өндірістің экологиясын жақсартып, қоршаған ортаға әсерін барынша азайту қамында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 балқыту цехында ферроқорытпа газын кәдеге жарататын жаңа электр станция салынады. Жоба жыл сайын ашық алауда жанып кететін 600 млн текше метр ферроқорытпа газын кәдеге жарататын қолжетімді ең озық технологияларды енгізуді көздейді. Енді ол бекер жанып кетпей, 80 МВт электр энергиясы өндіріліп, кәсіпорынды экологиялық таза қуат көзімен қамдайды. Әрі атмосфераға шығарынды көлемін қысқартады.

– ERG тау-кен металлургия саласы кәсіпорындарының арасынан бірінші болып қазақстандық хромның Экологиялық декларациясын рәсімдеп, кейін оны халықаралық базаға тіркеді,- деп атап өтті ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов. – Бұл құжат тек қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан ғана маңызды емес, декларация біздің бәсекеге қабілеттілігімізді арттырып, тұтынушылар талабын қанағаттандырады. Енді осы кәдеге жарату станциясы биыл толық қуатына шығатын Хромтаудағы жел электр станциясымен бірлесіп, біз шығаратын хромды барынша «жасыл» етуге септеседі. Бұл Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қарай жасалған тағы бір маңызды қадам болмақ.

Жаңа кәдеге жарату станциясында 40 жұмыс орны ашылады. ERG-дің жобаға құйылатын инвестициялары – 45 млрд. теңге. Нысан құрылысы келер жылы аяқталады деп жоспарланған.

Қытайдың «Tianchen» (бұдан ары — «ТСС») инжиниринг корпорациясы 1953 жылы құрылған. Бұрын ҚХР Химия өнеркәсібі министрлігінің жанындағы Бірінші жобалау институты ретінде танылған. Ол Қытай тарихындағы химия саласындағы зерттеу мен жобалау ісіне жауапты алғашқы мемлекеттік ұйым. 70 жылда ол қуатты халықаралық инжиниринг корпорациясына айналып, техникалық әзірлемелер, құрылыс саласындағы бас инжинирингтік мердігер, өнеркәсіп нысандарын пайдалану, халықаралық сауда мен инвестициялық-қаржылық қызметтер қатарлы 5 бағытты түгел қамтитын болған. TCC-дің химия өнеркәсібі, энергетика, мұнай-химия мен өзге салаларда тәжірибесі толысқан. Әлемнің 40-тан астам елінде алуан түрлі жобаларды іске асырып, өзінің инжиниринг өнімдері мен шешімдерін ұсынған. Соның ішінде Fortune Global 500 тізіміне кіретін 50-ден астам кәсіпорын да бар. Компанияның 300-ден астам жобасы мен технологиялары ҚХР ұлттық марапаттарына ие болған. 2011 жылы Қазақстан нарығына енгелі бері елімізде жалпы сомасы 20 млрд. доллардан асатын түрлі жобаларды іске асырды.

№ 4 балқыту цехы – Ақтөбе феероқорытпа зауытының ең жаңа құрылымы. Әлемде теңдесі жоқ, ерекше өндіріс осы өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың біріне айналған. Мұндағы 4 тұрақты тоқ пеші – 72 МВт, әлемдегі ең қуатты саналады. Зауыт мамандары өндіріске енгізген озық технологиялық шешімдердің арқасында бүгінде цех 75 МВт-пен жұмыс істеп тұр. Келешекте 80 МВт-қа көшуі мүмкін.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қазір қолда бар өндіріс нысандарын жаңарту ісін де қатар ілгерілетіп келеді. 2021 жылы мұнда ХХ ғасырдың ортасынан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан бірінші және екінші балқыту цехтары жаңартылды. Бірінші және екінші балқыту цехтарындағы 4 пеш жаңғыртылған. Олардың газтазарту жүйесі заман талабына сәйкестендірілді.  Жаңа газтазарту жүйелері толық автоматтандырылған. Тазарту деңгейі ең жоғары, қолжетімді ең озық тәжірибе қолданылған. Кәсіпорын жаңа газтазарту желілерін іске қосқаннан соң қоршаған ортаға жүктеме 30% төмендеді. «Қазхром» ТҰК» АҚ осы теңдессіз жобаға 12 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады.