Ешкіммен қақ-соғы жоқ, өз ісімен ғана айналысып, бәрінен де жұмысын бірінші орынға қоятын адамдар болады. Сол қатарда Себеновтер әулеті бар. Әйтпесе сұхбаттасатын уақытты екі ай дегенде әзер белгіледік: біреуі кәсіпорындағы ауысымдық қызметінде болса, екіншісінің қолы босамайды.
Үшіншісі де тым жұмысбасты. Олардың басын қосып, өндіріс орнында суретке түсіру де кәдімгідей жырға айналғаны рас… Бір анығы, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында әкесі мен балалары, олардың апа-қарындастары, жалпы алғанда бір әулеттің 6 мүшесі 131 жыл жұмыс істеп келе жатқан мұндай еңбек династиясы саусақпен санарлық.
Ағасының жолын қуған Назарбай
Алға ауданында туып-өскен Назарбай Себенов еңбек жолын тракторшы ретінде бастаған. Кейіннен ауылдағы үлкендердің ақылымен түрлі металды өңдеуге бет бұрыпты.
—Ауылдас аға Николай Лысенко дәнекерлеу ісін үйретті. Сол кісінің арқасында бұл саланың арнайы оқуына түспей-ақ бәрін меңгеріп алдым. Іле-шала үйленіп, жас отбасы болып Ақтөбе қаласына көштік. Жұмыс іздеуге келгенде аса ойланбадым, туған ағам Базарбай Ақтөбе ферроқорытпа зауытында электрик, ал апам Ырысты материалдарды өлшейтін маман (дозировщица), жездем Жұмабек балқытушы еді. Сондықтан1984 жылы ірі өндіріс орнына дәнекерлеуші боп қызметке орналастым.
Елді мекенде «сваркамен» айналысу анау айтқандай ауыр болмаса, зауыттағы жағдай мүлдем бөлек екен. Цехтың іші шаңнан көрінбейді, өте ыстық. Жастықтың буымен жоғары температураға қарамай, өндіріс орнындағы жалынның ортасында жүрдік. Металл балқытылатын жерде оңай болсын ба?.. Талай жігіт соған шыдамай, қызметтен кетті. Сөйтіп, 1984-1997 жылдары жөндеу-механикалық цехында, кейіннен зейнет демалысына шыққан 2023 жылға дейін қондырғыларды жөндейтін цехта еңбек еттім. Зауыттағы 39 жылда пеш, құбыр, техникаларды, әйтеуір, металы бар заттардың барлығын дәнекерледім. Қысқасы, кәсіпорындағы 27 топтың (бригада) әрқайсысында 4 адамнан бар, ешқайсысымыз дамыл таппайтын едік. Күн сайын тапсырма дайын тұрады (күлді).