Сәуір айында «Шұбаркөл көмір» АҚ кеншілері тарихи межеден асып – алыс шетелдерге 728 мың тонна көмір жөнелтті. Бұл – тау-кен көлік, теміржол және тау-кен цехтарының бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі.
Сәуір айында тағы бір рекорд тіркелді – №30 Hitachi EX-3600 экскаваторының экипаж машинистері: Берік Медиев, Владимир Бриницкий, Айдын Алтынбеков, Михаил Доценко және машинист көмекшілері Аяз Исаев, Жұбаныш Әбжанов, Санат Бақов, Азамат Өкенов бір ай ішінде 750 мың текше метр аршылым жыныстарын тиеді.
– Бұл рекордты біз арнайы «Шұбаркөл көмір» АҚ 40 жылдық мерей тойына орай жетуге ұмтылдық, - деді 12 жылдық еңбек өтілі бар экскаватор машинисі Берік Медиев. – Табысты жұмыстың формуласы – қауіпсіздік пен тиімділікке бағытталған ұйымшыл команда. Біздің ұжым өте тату және берік. Мен әрқашан әріптестеріме сенемін: олар қиын сәтте қолдау көрсетіп, жетістіктерімізге бірге қуанады.
Еліміздің коммуналдық-тұрмыстық көмірге деген сұранысының 30% дейін қамтамасыз етіп отырған «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның мұндай жоғары өндірістік көрсеткіштерге жетуі – жай ғана сәйкестік емес.
ERG Көмір дивизионының басшысы, «Шұбаркөл көмір» АҚ бас директоры Сергей Ким компания жетістігінің басты құндылығы – оның қызметкерлері екенін атап өтті:
– Біз әрдайым алға қойған жоспарларға сенімді жетіп, сонымен қоса жаңа биіктерді де бағындырып келеміз. Мұның бәрі – шұбаркөлдіктердің кәсіби әрі бірлесе отырып жасаған жұмысының нәтижесі. Биыл – кәсіпорын 40 жылдық мерей тойын атап өтеді. 728 мың тонна көмір мен 750 мың текше метр аршылым – бұл компанияның мерейтойына лайықты тарту.
Кәсіпорынның технологиялық паркі заманауи тау-кен көлік техникасымен толық жабдықталған және жүйелі түрде жаңартылып отырады. Инвестициялық бағдарлама аясында биыл жаңа техникалардың жеткізілуі күтілуде: көмір мен аршу жыныстарын тасымалдау үшін жүккөтерімділігі – 90 тонналық 9 KOMATSU HD785-7 автосамосвалы, сондай-ақ жүккөтерімділігі 185 тонналық 3 Hitachi EH-3500 AC3 самосвалы.
«Шұбаркөл көмір» АҚ мен ERG тұтынушылар алдындағы міндеттемелерін тұрақты орындау үшін бар күш-жігерін салуда.
Шұбаркөл кенішінің еңбек ұжымы болашаққа сеніммен қарайды. Кен орнының қоры жаңа рекордтарға жетуге мүмкіндік береді. Оның үстіне, мұндай бірегей, жоғары калориялы әрі күлсіз көмір әрдайым сұранысқа ие.