Павлодар облысында осымен үшінші мәрте жыл сайынғы дәстүрлі ERG Skills кәсіби шеберлік байқауы өтті. Айтулы сында Eurasian Resources Group (ERG) кәсіпорындарының жас қызметкерлері мен ERG және Колледждер альянсына мүше оқу ордаларында білім алып жастар бақ сынады.
Байқау жұмысшы мамандықтар саласындағы кәсіби біліктіліктің эталоны – WorldSkills стандарттары бойынша ұйымдастырылады. Оның негізгі идеясы – жастар арасында жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру. Бұл Мемлекет басшысы жарияланған «жұмысшы мамандықтар» жылы аясында әсіресе өзекті.
Студенттер мен ERG кәсіпорындарының жас мамандары төрт аталымда өздерінің біліктіктерін паш етті. Атап айтқанда: «электромонтаж», «өнеркәсіптегі автоматика», «қалыптау ісі мен CAD инженерлік графикасы». Кіл мықтылар жаяу Мұса атындағы көпсалалы Ақсу жоғары колледжі, Еуразиялық инновациялық университеттің жоғары колледжі мен Павлодар машина жасау колледждерінің базасында анықталды.
Байқау қорытындысында «Электромонтаж» аталымында жаяу Мұса атындағы көпсалалы Ақсу жоғары колледжінің студенті Максим Сорозидинов үздік шықты. Екінші және үшінші орындарды Түсті металлургия жоғары колледжінің студенті Александр Беляев пен К. Пішембаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжінің студенті Александр Четвериков еншіледі.
«Өнеркәсіптегі автоматика» аталымында жаяу Мұса атындағы көпсалалы Ақсу жоғары колледжінің студенті Валерий Кондрушин жеңімпаз атанды. Павлодар политехникалық жоғары колледжінің студенті Ярослав Демура екінші, «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің технологиялық процестерді автоматтандыру цехының жабдықтарды жөндеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі электрослесарь Илья Бездольный үздік үштікті түйіндеді.
«CAD инженерлік графикасы» аталымында Павлодар машина жасау колледжінің студенті Даниил Усанов үздік. Ақсу қара металлургия колледжінің студенті Нұрлыбек Төлеубай екінші, Еуразиялық инновациялық университеттің жоғары колледжінің студенті Роман Украинченко үшінші орыннан көрінді.
Жеңімпаздар арасында арулар да бар. Павлодар машина жасау колледжінің студенті Карина Оленбург жігіттердің алдын орап, «қалыптау ісі» аталымында жеңімпаз атанды. С.Торайғыров атындағы университет атынан сынға түскен Нигмат Кабулов екінші, Түсті металлургия жоғары колледжінің студенті Кирилл Бессонов үшінші орынға ие болды.
- Шынымды айтсам, бірінші орынды жеңіп аламын деп ешқашан ойламыппын. Менімен бірге сынға түскен жігіттер жоғары нәтижелерімен таңқалдырды. Бұл мен үшін тың тәжірибе. Кәсіби өрлеу жолымда алғашқы әрі сәтті қадам болғанына ерекше қуаныштымын, - деді «Қалыптау ісі» аталымының жеңімпаз атанған Павлодар машина жасау колледжінің 3 курс студенті Карина Оленбург. – Әуелде осы жұмысшы мамандықты таңдау ойымда жоқ еді. Оқуға түсер сәт жақындағанда мұндай мамандық барын білдім. Кейін оны меңгере бастағанда, мамандықтың қыр-сырына терең үңіліп, таңдауым дұрыс болғанына көзім жетті. Колледжде бізді барынша тиянақты даярлап, алуан түрлі байқауларда шыңдайды. Болашақта өмірімді металлургия саласымен байланыстырып, алюминий зауытында қызмет сатысымен өрлесем деймін. Әрі С.Торайғыров атындағы университетке оқуға түсіп, «Металлургия» мамандығын меңгергім келеді.
- ERG Skills байқауы – білім мен дағдылар сыналып, жас мамандар мен студенттердің теориялық білімі мен қабілеті, қарымы сынға түсетін кәсіби дода. Мәселен алдымен арнайы бағдарламада форманы жобалайсың да, кейін оны өзің қалыптастырасың. Сонда кәсібіңді толық меңгересің. Мен осымен үшінші жыл қатарынан сарапшылар командасы сапында байқауға қатысушылардың жұмысын бағалап келемін. Қалыптаушылардың қарымы жылдан жылға артып келеді. Мұндай сайыстар ойлау қабілетін, тәртіп пен техникалық сезімталдықты дамытады. Бұл мамандықты тек кітап бетінен ғана емес, іс жүзінде терең танығысы келетіндерге серпін беретін бастама, - деді кәсіби шеберлік байқауының сарапшысы, ERG Service құю өндірісінің инженер-технологы Ильдар Фазылбеков.
- Байқауға қатысушылардың барлығының деңгейі жоғары. Әлі де шыңдайтын тұстар да бар. Бірақ, жас мамандар мен студенттер үшін бұл бір жағынан жақсы да. Қалай болғанда да, мұндай тәжірибе ерекше құнды. Бұл олардың болашақтағы жұмыс берушілерімен арадағы қатынасында да маңызды. Барлық ERG кәсіпорындарында сынды Ақсу ферроқорытпа зауытында да қашан да оқу мүмкіндігі ұсыналады. Тәжірибелі мамандар жастарды қолдап, ақыл-кеңес беріп, қолдайды. Бұл жерде тәжірибемен бөлісу маңызды, - деді байқау сарапшысы, «Қазхром» ТҰК АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының учаске бастығы Александр Конев.
Мамырдың 14-і мен 16-ы күндері Ақтөбе облысында да ERG Skills өтіп жатыр. Кәсіби сайыстар Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі, Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжі мен Ақтөбе жоғары политехникалық колледждерінің базасында ұйымдастырылды. Мұнда токарь ісі, CAD инженерлік графикасы, дәнекерлеу технологиялары, слесарь ісі, өнеркәсіптік автоматика, еңбекті қорғау, зертханалық химиялық талдау, тау-кен ісі, пайдалы қазбалаларды байыту мен маркшейдерлік, геодезия аталымдары бар.
Дәл осы күндері соңғы үш аталым бойынша Қостанай облысынан үміткерлер Жітіқара политехникалық коллежді мен Лисаковск техникалық колледжерінде ұйымдастырылған ERG Skills байқауында бақ сынап жатыр.
Мамырдың 21-і мен 23-і аралығында Ақсу қара металлургия коллежінде де ERG Skills байқауы өтіп, токарь ісі, дәнекерлеу технологиялары, слесарь ісі, еңбекті қорғау мен зертханалық химиялық талдаудағы үздіктер анықталады.
Рудныйдағы ERG Skills маусым айының 9-ы мен 10-ы күндері мәреге жетеді. Рудный тау-кен технология, политехнология, құрылыс және көлік колледждерінің базасында өтетін сайыста төмендегі аталымның үздіктері анықталады. Токарь ісі, дәнекерлеу технологиялары, электромонтаж, слесарь ісі, еңбекті қорғау мен инженерлік графика.
Осы орайда, ең алғашқы байқау небары үш құзіретті қамтыса, екінші сайыста бес бағыттың мықтылары анықталған. Ал үшінші жолы – 12 кәсіптің мықтылары анықталып жатыр. Байқауға қатысушылар саны да бұрынғы 30-дан бүгінде 114-ке жетті. Биыл тіпті 200-ге тарта адамнан өтінімдер келіп түскен. Әрі қатысушылар арасында жыл санап қыздардың да қатары артып келеді. Өйткені, бәріне бірдей кәсіби өрлеу мүмкдіктері ұсыналады.
Байқаудың тағы бір ерекшелігі – тау-кен металлургия саласындағы маркшейдерлік пен геодезия, тау-кен ісі, пайдалы қазбаларды байыту мен қалыптау істері алғаш рет сынға қосылып отыр. Олар WorldSkills ұлттық чемпионатында жоқ. Ал біздің оларды байқауға қосуымыз саламыздың дамуына серпін беріп, сұранысқа ие кадрлардың даярлығын пысықтауға сеп.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен марапатталып, ERG кәсіпорындарына жұмысқа қабылдау кезінде басымдығы бар үміткерлерге айналады. Өткен жылы үздік шығып, топ жарған саңлақтар ҚХР-на шетелдік тағылымдамаға барып қайтты. Байқаудың барлық жүлдегерлері жоғары білікті маман болып қалыптасқаны айдан анық.
Мәселен, кезінде осы байқауда жеңімпаз атанған Асет Абилов жас екеніне қарамастан, бүгінде ЕRG кәсіпорындарында мастер болып еңбек етіп жүр. 2023 жылы байқау жеңімпазы болған Герман Кресс те ERG-ге жұмысқа тұрып, жас мандарға сарапшы-компатриот болып тәлім беріп жүр. Биыл жүлдегерлер қатарынан көрінген Кирилл Богданов өзі оқыған колледжде өндіріске оқытудың мастері болып еңбек етіп, осы сынға өзінен тәлім алған студентті жетелеп келген.