Табиғи ресурстарды өндіру және байыту саласындағы әртараптандырылған жетекші компания Eurasian Resources Group (ERG) 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Тау-кен металлургия саласындағы TXF «Жыл мәмілесі» марапатына ие болды. Бұл марапат ERG компаниясының Bank of China банкінің Лондондағы бөлімшесі мен Glencore International AG компаниясымен Африкада өндірілетін мысқа қатысты 150 млн АҚШ долларына дейінгі алдын ала экспорттық қаржыландыру туралы келісімі үшін берілді. Бұл мәміле TXF ұсынған «2024 жылғы шикізат нарығындағы үздік он қаржылық мәміле» тізіміне енді.
Алдын ала экспорттық қаржыландыру ERG-дің Конго Демократиялық Республикасындағы (КДР) Metalkol кәсіпорнында өндірілетін катодты мысқа арналған шикізат жеткізіліміне қатысты келісіммен қамтамасыз етілген. Марапаттау рәсімі Амстердам қаласында өткен TXF Global Natural Resources and Commodity Finance конференциясында өтті. Бұл жеңіс Metalkol кәсіпорнының экологиялық әсерін және бұл мәміленің Африка өңірі үшін маңызын көрсетеді.
ERG Bank of China-ның Лондондағы бөлімшесімен және Glencore International AG компаниясымен келісімді 2024 жылдың маусым айында жасасып, оны 2025 жылдың сәуірінде сәтті қайта қаржыландырды. Тартылған қаражат Metalkol кәсіпорнында мыс пен кобальт өндірісіне, тұрақты даму стандарттарына сай қолданылуда.
Марапатты ERG атынан Корпоративтік қаржы директоры Пол Уоллер мен Қаржы және құқықтық мәселелер жөніндегі атқарушы директор Юлия Савицкая алды. TXF марапатына үміткерлерді салалық қатысушылар ұсынса, жеңімпазды халықаралық шикізат нарығындағы инновациялық шешімдер мен үздік тәжірибелерге ерекше мән беретін тәуелсіз қазылар алқасы таңдайды.
«Мұндай марапатқа ие болу – біз үшін үлкен құрмет. Бұл Metalkol кәсіпорнында ERG атқарып жатқан маңызды жұмыстың – жаһандық энергетикалық ауысым үшін қажетті маңызды минералдарды жауапты жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігеріміздің жоғары бағасы», – деп атап өтті ERG Корпоративтік қаржы директоры Пол Уоллер.
«Конго Демократиялық Республикасында құрылымдық қаржыландыру ұйымдастыру – өте күрделі міндет. Сондықтан да біздің Bank of China және Glencore компанияларымен жасалған мәмілеміз бүкіл өңірдің тау-кен саласы үшін үлкен маңызға ие. Алдын ала экспорттық қаржыландыру келісімін сәтті ұйымдастырудағы серіктестерімізге алғыс білдіреміз», – деді ол.
Компания қолданыстағы және жаңа қаржы серіктестерімен ынтымақтастықты жалғастыру арқылы өзінің халықаралық бизнесін дамыту және болашақ энергия өндірісіне қажетті металдарды қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.