26 Мамыр 2025

Павлодар облысының Ақсу қаласында жыл сайынғы ERG Skills кәсіби шеберлік байқауы мәреге жетті

Павлодар облысының Ақсу қаласында осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған жыл сайынғы ERG Skills кәсіби шеберлік байқауы қорытындыланды. Шеберлік сайысында Eurasian Resources Group кәсіпорындарының жас қызметкерлері мен ERG және Колледждер альянсына мүше оқу ордаларында білім алып жүрген жастардың біліктілігі безбенделді.

ERG Skills байқауында токарь ісі, дәнекерлеу технологиялары, слесарь, еңбекті қорғау мен химиялық талдау зертханашысы аталымдарында сынға түскендер Ақсу қара металлургия колледжінде шеберлік байқасты.

- Мен кәсіби мамандар даярлау ісіне сүбелі үлес қосып келе жатқан «Қазхром» мен Ақсу ферроқорытпа зауыты сынды кәсіпорындарымызға алғыс айтқым келеді. Олардың арқасыда оқу ордаларында жаңа кабинеттер мен шеберханалар ашылып, жастардың біліктіліктерін шыңдауына жол ашылды,- деді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Айгерім Әбенова. – Мемлекет басшысы биылғы жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еңбектің, әрқайсымыздың маман ретінде ерекше құнды екенімізге екпін түсірді. Біздер жиған білім мен тәжірибе – қазіргі қоғам мен елдің дамуына қосқан үлесіміз.

«Зертханалық химиялық талдау» аталымы бойынша бірінші орынды Торайғыров университеттің студенті Александра Цопкало, екінші және үшінші орындарды Ақсу қара металлургия колледжінің студенттері Виктория Марковская мен Софья Цивилевалар иеленді.

«Еңбекті қорғау» ісінде «Қазақстан алюминийі» АҚ қызметкері Никита Ватулин үздік шықты. Павлодар машина жасау колледжі атынан сынға түскен Артем Сейвальд екінші, «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің қызметкері Владислав Кравчук үздік үштікті түйіндеді.

«Дәнекерлеу технологиялары» аталымында Ақсу қара металлургия колледжінің студенті Александр Смакотин бірінші, Ақсу ферроқорытпа зауытында еңбек етіп жүрген Руслан Мартын екінші орыннан көрінді. Түсті металлургия жоғары колледжі атынан сынға түскен Данил Дмитриенков үздік үштікті түйіндеді.

Слесарь ісінде Ақсу қара металлургия колледжінің атынан сынға түскен Айқын Аманжолов өз ісінің үздігі атанды. Павлодар машина жасау колледжінде тәлім алып жүрген Анатлоий Скворцов екінші, Торайғыров университеттен тәлім терген Михаил Плесовских үшінші орынға ие болды.

Токарь ісінде Ақсу қара металлургия колледжінің студенті Артем Шамшудинов жеңімпаз атанды. «Қазақстан алюминийі» АҚ электр станциясында еңбек етіп жүрген Қайсар Дәулетбай екінші орынды иеленді. Үздік үштікті түсті металлургия жоғары колледжінің студенті Александр Бондарь түйіндеп тұр.

- Дайындыққа уақыт тым тығыз болғанына қарамастан, жүктелген тапсырмаларды тиянақты орындап, жүлделі орынға ие болдым, - деді Қайсар Дәулетбай. – Байқау біліктілігімді бір сынап, осы саладағы өзге де әріптестерімізбен танысып, олардың тәжірибесінен шабыт алуға сеп болды. Әлі үйреніп, дағдыларды біраз шыңдау керек екенін айқын түсіндім.

- Тапсырмалар күрделі екен: бізге герметикалық торап жинау қажет болды. Яғни құрастырылған бұйымның ішіне сұйықтық өтпеуі керек әрі ол сыртқы орта әсеріне төзімді болуы шарт, - дейді «Дәнекерлеу ісі» аталымындағы сайыстың күміс жүлдегері, Ақсу ферроқорытпа зауытындағы электр газбен дәнекерлеуші Руслан Мартын. – Қарсыластар тегіс мықты екен. Бәрі тыңғылықты даярлықтан өтіп, сақадай сай келген. Жастарға ешбір қиындықтарға мұқалмай, түпкі мақсаттарына талпына берсін дегенім келеді.  Ең бастысы – табандылық. Зауытқа жұмысқа тұрғаныма 7 ай болды. Жылы күтіп алып, қолдап, оқытып, керекті кезде көмек беретін ұжымым бар. Жұмысқа енді тұрған кезде мұның бәрі қатты сезіледі екен. Меніңше жұмысшы мамандықтарға қызығушылық артып келеді. Тұрақтылық бар. Әрі қолмен жұмыс істеген соң, нәтижесін де бірден көзің көреді. Осы ерекше құнды.

«Дәнекерлеу ісі» аталымындағы сайыстың жеңімпазы, Ақсу қара металлургия колледжінің 3-курс студенті Александр Смакотин Ақсу ферроқорытпа зауытына жұмысқа ресми шақырту алды:

- Менің сол кәсіпорынға жұмысқа орналасқым келетін. Сондықтан, бұл маған зор қуаныш. Сайыс мен үшін өзімді танытып, өзгелердің қалай жұмыс істейтінін білудің бір мүмкіндігі болды. Биыл мектеп бітіріп жатқан түлектерге еш жүрексінбей жұмысшы мамандықтарды таңдаңыздар дегім келеді. Бұл қызықты, тұрақты әрі еңбектеріңіз лайықты төленеді. Жақсы маман қашан да, қай жерге де керек. Тек сол саланың үздігі болуға талпыну керек.

 Жүлделі орынға ие болған барлық студенттер тегіс ERG кәсіпорындарына жұмысқа шақырту алды.

 ERG Skills байқауы бүгінде жұмысшы кәсіптер саласында кәсіби шеберлік шыңы саланатын – WorldSkills  стандарттарына сай өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру. Бұл мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында ерекше өзекті.

- Байқауға қатысушылар саны биыл рекордтық меже – 55 адамға жетті. Олардың қатарында тек студенттер ғана емес, Павлодар өңіріндегі кәсіпорындардың белді мамандары да бар. Біздің зауыт, жалпы ERG кәсіпорындарының кез келгені үшін токарь, дәнекерлеу ісі, слесарь, еңбекті қорғау, зертхана технологиялары бағыттары ерекше маңызды. Бұл байқау жоғарыда аталған мамандықтарды меңгерген қызметкерлердің қаншалықты маңызды екенін паш етті, - деді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев.

Осыған дейін Павлодар обылысында өткен ERG Skills байқауына жаяу Мұса атындағы Ақсу көпсалалы жоғары колледжі, Еуразиялық инновациялық университеттің жоғары колледжі мен Павлодар машина жасау колледждерінің студенттері қатысқан болатын. Ал Ақтөбе облысында Хромтау тау-кен жоғары колледжі, Ақтөбе өнеркәсіп технологиялар колледжі мен Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің студенттері бақ сынады. Қостанай облысының Жітіқара мен Лисаков қалаларында өткен ERG Skills байқауына Жітіқара политехникалық колледжі мен Лисаков техникалық колледждерінің үздік студенттері қатысты.

Биыл ERG Skills байқаулары Рудный қаласында маусымның 9-10 күндері тәмамдалады. Рудный тау-кен технология, политехникалық, құрылыс және көлік колледждерінің базасында «дәнекерлеу технологиялары», «электромонтаж», «токарь ісі», «еңбекті қорғау», «инженерлік графика» мен «слесарь ісі» аталымдарындағы үздіктер анықталады.