ERG компаниясы жастардың білім алуына, кәсіби дамуына және кәсіпкерлік қабілеттерін арттыруға айрықша басымдық беретін таңдаулылардың бірінен саналады
Елімізде металлургия және тау-кен өндірісінің инновациялық дамуы мен сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, іштегі мамандарды оқыту жүйесін жетілдіру, жұмысшы мамандарды қолдау бағытында тиімді бастамаларды жүзеге асырып келеді. Бұл бастамалар еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға, сондай-ақ саланың тұрақты дамуына негіз болуда. Бүгінде компания басқа да кәсіпорындарға өзінің озық тәжірибелерін ұсына отырып, қанаттаса даму үлгісін қалыптастырып үлгерді. Аймақтарда 60 мыңнан астам адамды еңбекпен қамтыған ең ірі жұмыс берушілердің бірі ретінде танымал. Өндіріске жұмысшы мамандарды тартуда да тың идеяларымен ерекшеленеді.
Биыл Топ алғаш рет ERG Skills байқауындағы колледждердің үздік студенттеріне арнайы сертификаттар табыстай бастады. Осы сертификатты алған таңдаулы студенттер бірінші кезекте компанияға жұмысқа орналасады. Бұл – талантты жастарды қолдау мен кәсіби біліктілік жолын ашудың нақты әрі алғашқы қадамы. Қазірдің өзінде «Қазхром» ТҰК» АҚ басшылығының бастамасымен үздік тәжірибелік дағдылары мен шеберлігін көрсеткен колледждің 8 студенті Дөң тау-кен байыту комбинатына жұмысқа шақыру сертификатын алды.
ERG Skills кәсіби шеберлік байқауы биыл Павлодар, Қостанай мен Ақтөбе облыстарында өтіп, кіл мықтылар бақ сынады. Жұмысшы мамандардың мәртебесін арттырып, еңбек адамының қадір-қасиетін ұғындыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шеберлік сайысы, қоғамда еңбекке деген құрметті арттыруға және жастарды кәсіби мамандыққа баулуға арналған маңызды шара. Байқау халықаралық WorldSkills стандарттарына сай өткізіледі. Бұл өз кезегінде мамандарды іріктеу мен бағалаудың сапасын жоғарылатуға жасалған мүмкіндік. Қойылатын талаптардың жоғары болуы қатысушылардың тек өз саласындағы шеберліктерін көрсету ғана емес, сондай-ақ, заманауи технологиялар мен әдістерді меңгеру арқылы жаһандық еңбек нарығына бейімделуіне бағдар береді. Мұндай байқаулар ел экономикасының негізгі салаларында кәсіби біліктілікті арттыруға, жаңа идеялар мен инновацияларды енгізуге ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялай отырып: «Биыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы». Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс», деп атап өткен еді.
ERG компаниясы халықаралық WorldSkills стандарты негізінде ERG Skills байқауын ұйымдастыру арқылы Президент тапсырмасының жүзеге асуына үлес қосып отыр. Үш жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан байқау нәтижесінде кәсіби білікті жұмысшы мамандар эталоны қалыптасты.
Ең бірінші байқау небары үш құзіретті қамтыса, екінші сайыста бес бағыттың мықтылары анықталған болатын. Ал үшінші жолы – 12 кәсіптің мықтылары білім жарыстырды. Байқауға қатысушылар саны жылдан жылға көбейе түскен. Алғаш 30 маман бақ сынаса, биыл 200-ге тарта адамнан өтініш түсіп, оның 114-і байқауға қатысты. Биылғы байқаудың бір ерекшелігі – тау-кен металлургия саласындағы маркшейдерлік пен геодезия, тау-кен ісі, пайдалы қазбаларды байыту мен қалыптау істері тұңғыш рет сынға қосылды. WorldSkills ұлттық чемпионатында жоқ бұл санаттар сайыс арқылы тәжірибе байытып, саланың дамыуында сұранысқа ие кадрлар дайындауға тың серпін береді.
Білім мен дағды ұштасып...
Сонымен қатар ERG Skills кәсіби шеберлік байқауы ERG тәжірибесіне қызығушылық танытқан басқа кәсіпорындардың өкілдерімен ынтымақтаса жұмыс істеуде білімнен – білікке, теориядан – тәжірибеге апаратын бірден бір алаң.
Былтыр байқауда жеңімпаз атанған Дөң тау-кен байыту комбинатының түлектері шыңдалған практикалық дағдыларының арқасында ERG-ті халықаралық аренада лайықты деңгейде көр-
сетіп жүр. Олар Қытайдағы беделді байқауда жүлделі орындарға ие болса, биыл да халықаралық арена-
да өз құзыреттіліктерін қорғайтын жаңа жұлдыздар қатарынан көрінді. Кәсіби өсуде барлық кадрларға тең мүмкіндік берілгендіктен, жыл санап байқауға қатысушылар қатары кәсіби білікті қыздармен де толығуда.
Жеңімпаздардың арасында ERG кәсіпорындарының жас қызметкерлері де бар. Олар: «еңбекті қорғау» құзыреттілігі бойынша үздік атанған – Елизавета Скрыпник, «химиялық талдау зертханасы» – Еламан Марат, «тау-кен ісі» – Марғұлан Үмбаев, «маркшейдерлік іс және геодезия» – Ерасыл Қадіржанов, бұлар Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері. Ал «токарлық іс» санатында Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан келген Жиренше Абдрахманов жеңіске жетті.
– Мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытында төрт жылдан бері жұмыс істеймін. Зауытта маңызды тәжірибелік база алдым. Мен оқып жүргенде бізде қазіргі заманғы станоктар болған жоқ. Бірнеше жыл ішінде жабдықтар жаңартылып, заманауи құралдар пайда болды. Әрине, жеңісім үшін қуанышымда шек жоқ, – дейді Жиренше Абдрахманов.
Халықаралық даңқ пен бедел
ERG Корпоративтік білім беру бағытында жұмыс істеп жүрген құрылымдар арасындағы өзара серіктестікті нығайтуды көздейді. Осы мақсатта компанияның ұйымдастыруымен Астанада елдегі тау-кен металлургия (ТКМ) саласындағы Корпоративтік университеттердің басын қосқан кең форматтағы халықаралық кездесу өтті.
Форум Азия аумағындағы EFMD-ге мүше корпоративтік университеттер мен білім беру құрылымдары, персоналды оқыту саласында еңбек ететін білім беру мекемелері мен қауымдастықтар арасында Қазақстандағы алғашқы тәжірибе алмасу алаңына айналды. Жиынның халықаралық сипат алуы компания жанынан 2023 жылы құрылған Корпоративтік университетінің даңқымен де байланысты екені белгілі. Атап айтсақ, компанияның бизнесті трансформациялау бағдарламасы аясында алғаш Корпоративтік университет 2023 жылдың маусым айында әлемнің 88 елінде 890 мүшесі бар халықаралық (EFMD) «Еуропалық менеджментті дамыту қоры» қауымдастығына мүше болды. Сондай-ақ, 2024 жылы Лондонда өткен EFMD Excellence in Practice Awards байқауында «Кәсіби білім беру» аталымында жеңіске жетіп, халықаралық деңгейде мойындалды. Бүгінгі күні университет Қазақстандағы негізгі қалаларда 10 фронт-кеңсе, 5 академия және 35 факультетті біріктіреді.
EFMD корпоративтік сервистерінің директоры доктор Мартин Мерленің форумға қатысуы ERG халықаралық беделін асқақтата түсті. Жиында доктор Мартин Мерле EFMD-дің жаһандық желісі туралы айта келіп, ERG-дің бастамасы елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия аумағында корпоративтік оқытуды жаңа сапаға көтеруге мүмкіндік беретініне тоқталды.
– Біз EFMD қауымдастығында корпоративтік оқытуды дамыту арқылы компаниялардың тиімділігін арттыра алатынымызды сан мәрте дәлелдедік. ERG-дің бұл бастамасы – аймақ үшін маңызды серпіліс, – деді доктор Мерле.
ERG-дің Корпоративтік университеті білім беру барысында өзге де корпоративтік оқыту орталықтарының тәжірибесін сыни тұрғыдан зерделей отырып, өзінің де кәсіби өсуін үздіксіз өркендете алатын тұғырнама. Форум барысында қатысушылар көшбасшылық, кәсіби білім беру мен персоналды дамыту мәселерін кеңінен талқылап, халықаралық қауымдастық мойындаған озық кейстермен танысты.
– ERG-дің корпоративтік университтеті – біздің Топты дамытудың стратегиялық құралы. Біз тек адамдарды дамыту арқылы компания алға ілгерілей түсеріне сенімді болғандықтан, адамдарымыздың дамуына тұрақты инвестиция құйып келеміз. Соңғы 2 жылда корпоративтік университет біздің 54 мыңнан астам қызметкерімізді оқытып, симуляторлар мен VR-дан бастап, озық технологиялар мен халықаралық тұғырнамаларды енгізіп, жаһандық деңгейде мойындалды. EFMD Excellence in Practice Awards 2024 байқауындағы жеңіс пен EFMD LIFT 2025 сертификатына ие болуымыз білім беру сапасы, бизнеске қажетті шешімдерді табу мен оның пайдасы – біздің өз саламыз бойынша үздік болуға деген талпынысымыз бен қолға алған жүйелі жұмыстың жемісі, – деді ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов.
Қазірдің өзінде ERG ұсынған Корпоративтік оқыту орталығы өзге компаниялар үшін де қолжетімді. Топ бастама негізінде бүгінде алты алты тау-кен металлургия кәсіпорнында зерттеу жүргізіліп, ортақ сараптама мен бенчмарк база қалыптасып жатыр. Биылдан бастап бұл үрдіс кеңейіп, кәсіби қауымдастық қолдауымен ауқымды жобаға айналмақ.