«Қазхром» ТҰК» АҚ-ның 30 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақтөбеде ерекше мәдени шара – «Құрыш білек» мюзиклінің арнайы көрсетілімі ұйымдастырылды. Металлургтер күні қарсаңында өткен премьера –компания мен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының бірлескен жобасы.
Мюзиклдің басты ерекшелігі – оның әртістері. Олар – металлургтер, кран жүргізушілері, токарь мамандар, электриктер мен дәнекерлеушілер. Яғни, нағыз еңбек адамдары өз кәсібінде ғана емес, өнер сахнасында да шебер екенін дәлелдеді. Әр қатысушы жұмыс ауысымынан кейін де дайындықтарға келіп, бар күш-жігерін, жан-тәнін шығармашылыққа арнады.
– Ауысымнан соң үйге емес, бірден дайындыққа баратынмын. Әрине, шаршайсың, бірақ бұл – үлкен жауапкершілік. Жұмысшылар да әртіс бола алатынын дәлелдегім келді. Мен №4 балқыту цехында шихта беру машинисі болып жұмыс істеймін. Өз ісімді бүге-шігесін білемін, сондықтан сахнада жұмыстың шынайы қуатын көрсетуге тырыстым, - деді жобаға қатысушы Шымболат Қайратұлы.
Мюзиклде жұмысшы өмірінің ең шынайы, жүрекке жылы сәттері бейнеленді: қиын сәттердің өзінде дем беретін нәзік махаббат, жанын салып, еңбек ететін қайнаған зауыт өмірі, және әрине, шынайы достық пен бір-біріне деген қолдау.
– Бұл менің өмірімдегі алғаш рет сахнада өнер көрсетуім. Жастайымнан арманым – сахнаға шығу еді. Бүгін «Қазхромның» арқасында арманым орындалды. Тіпті басты кейіпкердің рөлін сомдау бақыты бұйырды. Осы мүмкіндікті бергені үшін компанияға шын жүрегімнен алғыс айтамын. Бұл менің өмірімді өзгертіп, өзіме деген сенімімді арттырды, - деді №2 балқыту цехының металл есепке алу жөніндегі технигі Дана Иса.
Мюзикл қазақ тілінде қойылғанымен, оның мағынасы мен сезімі кез келген көрерменге түсінікті әрі жақын болды, себебі музыка, сахна тілі мен адам эмоциялары бәрімізге ортақ. Көрсетілімге келген мыңнан астам көрермен – әртістердің әріптестері мен туған-туыстары қойылым кейіпкерлерімен бірге қуанды, уайымдады, күлді және шын жүректен қошемет білдірді.
Сахна төрінен кәсіби мерекеге арналған құттықтау сөздер де айтылды. ERG S.a.r.l. Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор Шухрат Ибрагимов қызметкерлерге корпоративтік марапаттар табыстады.
– Сіздер – тек біздің компанияның ғана емес, тұтас Қазақстан экономикасының тірегісіздер, - деп атап өтті ол құттықтау сөзінде. – Сіздер күн сайын кәсібилік пен өз істеріңізге деген адалдықты, қайсарлық пен табандылықты көрсетіп келесіздер. Көп жағдайда мүмкін емес көрінген міндеттер мен тапсырмаларды табысты шешіп жүрсіздер. Мюзиклге шақырғандарыңыз үшін ерекше алғыс білдіремін. Бұл – қазхромдықтардың барлық салада талантты екенін тағы бір дәлелдеді!