04 Тамыз 2025

«БЕРЕКЕ 2004» ЖШС: еңбек пен сенімнің 20 жылы

Екібастұз қаласында өңір үшін маңызды оқиға – ERG-дің «ТрансКом» көлік тобының құрамындағы, аймақта кеңінен танымал «БЕРЕКЕ 2004» вагон жөндеу кәсіпорны 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтой «Самғау» залында өтті. Шараға кәсіпорын ардагерлері мен жас қызметкерлер қатысты. «БЕРЕКЕ 2004» ЖШС жас буынға үлкен үміт артып, олардың білім алуына жағдай жасап келеді. Себебі жаңа буын – туған қаланың, облыстың және тұтас елдің болашағы.

«БЕРЕКЕ 2004» ЖШС Екібастұз локомотив жөндеу депосының негізінде құрылып, бүгінде ERG құрамындағы «ТрансКом» көлік тобына кіреді. Тек өткен жылы кәсіпорында 2810 вагон мен 11 локомотив жөнделді. Сол себепті мерекенің ұраны да кездейсоқ таңдалған жоқ: «БЕРЕКЕ 2004: еңбек пен сенімнің 20 жылы».

Кәсіби біліктілігі мен адалдығы үшін вагон жөндеу кәсіпорнының қызметкерлеріне «ТрансКом еңбек ардагері» атағынан бастап, «ERG еңбектегі ерлігі үшін» төсбелгісіне дейін ондаған марапат табыс етілді. Сонымен қатар, Екібастұз көшелерінде кәсіпорынның дамуына сүбелі үлес қосқан «БЕРЕКЕ 2004» қызметкерлерінің портреттері бейнеленген билбордтар ілінді.

– Біз «БЕРЕКЕ 2004» ЖШС-ның 20 жылдық маңызды әрі символдық датасын атап өтудеміз. Бұл – кәсібилікке, кәсіпке адалдыққа және командалық бірлікке толы үлкен жол. Біз – елдегі төрт түрлі тартқышты: тепловоз, дизель пойыз, электровоз және электр пойызына қызмет көрсететін жалғыз компаниямыз. Бұл – үлкен еңбектің, үздіксіз дамудың және батыл шешімдердің нәтижесі. Өндірісті жаңғырту жұмыстарының арқасында кәсіпорын бүгінде айына 200-ден астам жартылай вагон жөндей алады, – деді «ТрансКом» ЖШС бас директоры Ердоc Қашағанов. – Біз тек техниканы жөндемейміз, біз бүкіл теміржол саласына берік негіз қалаймыз. Мұның бәрі – сіздердің еңбектеріңіз, білімдеріңіз бен  бірліктің арқасы!

– Мен бұл кәсіпорында оның негізі қаланғанға дейін – Екібастұз локомотив жөндеу депосы болған кезден бастап жұмыс істеп келемін,- деді «БЕРЕКЕ 2004» ЖШС бас инженері, «ERG-ге адалдығы үшін» төсбелгісінің иегері Мағауия Қосанұлы Назенов. – Менің жетекшілігіммен өндірісті жаңғырту, еңбек жағдайын жақсарту, соның ішінде 5С және санитарлық-тұрмыстық стандарттар енгізілді. Біз вагон мен локомотивтердің күрделі жөндеуін меңгердік, цехтарды қайта құрдық, заманауи жабдықтар сатып алдық. Бұл өндірістің өсуіне, сапаның жақсаруына және жұмыс орындарының сақталуына әкелді. Кәсіпорынның дамуына алғашқы күндерден бастап қатысқаныма мақтанамын.

– Осы жылдар ішінде мен де көптеген жетістіктерге, компания мен әрқайсыңыздың кәсіби өсу жолына куә болдым. Біз қиындықтарды бірге еңсеріп, жеңістерге қуанып, алға қарай жүрдік, – деді «БЕРЕКЕ 2004» ЖШС директоры Бейбіт Мырзасейітов. – Әсіресе, әрқайсыңыздың ортақ іске қосқан үлесіңізді ерекше атап өткім келеді. Сіздердің еңбектеріңіздің, кәсібиліктеріңіздің және компанияға деген адалдықтарыңыздың арқасында үлкен жетістіктерге жеттік. Вагон жөндеу мен тепловоздардың күрделі жөндеуді игеру – соның жарқын мысалы. Мен сіздердің әрқайсыңызға еңбектеріңіз, қайырымдылықтарыңыз және компания мен бір-бірімізге деген сенімдеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін.

Ресми бөлімнен кейін Павлодар облысының үздік шығармашылық ұжымдары мен халықаралық музыкалық байқаулардың лауреаттарының қатысуымен жарқын мерекелік концерт өтті.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы өзге де жаңалықтар  ресми телеграм-арнамызда