07 Тамыз 2025

«Болашақ» шахтасында жұмыс жанданды

Шахтада жұмысты жандандыруға дайындық аясында Қазақстан, Ресей мен Түркияның ғылыми институттарымен бірлесіп, ауқымды шаралар атқарылды. Бірінші кезекте шахтаның вентиляция жүйесі жетілдірілді. Тазартылған кеңістіктегі сутегі мөлшерін рұқсат етілген межеден әлдеқайда төмендету қамында нақты шаралар қолға алынған.

Ғылыми институттармен бірлескен жұмыс жалғасып жатыр.

2 ғылыми ұйыммен тазарту жұмыстарын сүйемелдеуге қатысты келісімшарт жасалған.

Қордалануы мүмкін газ ауа қосындысын шығару үшін 2 бағытта бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2 бұрғылау компаниясы жер үстінен әрқайсысының тереңдігі 860 метрлік қос вертикалды ұңғыма болады. Одан бөлек, бұрғылау компаниялары жер астындағы жоғарыда орналасқан горизонттан бірқатар еңіс ұңғыма да қазады. Ол тау-кен жұмыстары барысында қалыптасатын жанатын газдарды вентиляция жүйелері арқылы жоғарыға тартып кетуі керек.

Сутегі мөлшерінің концентрациясын төмендету бағытындағы жұмыста «сорғыш» желдеті жүйесінің тиімділігі жоғары. Бұл әдісті комбинат жұмысшылары ұсынған. Кейін жоспарлы шараларды сүйемелдеп, іске асыратын ғылыми институттар да бастаманы мақұлдап, қолға алды.

Осы орайда, шахтадағы зерттеу жұмыстарына Қазақстан, Ресей мен Түркияның тәжірибесі толысқан бірқатар институттары тарытылғанын айта кеткен жөн. Бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Болашақ» шахтасының мамандары қорғаныс класы жоғары жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Стационарлы және мобильді газоанализаторлар қолданылады. Олардан жедел ақпарат бірден шахтаның диспетчерлік қоснына түсіп тұр.

Өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарының сақталауын бақылайтын құзырлы мемлекеттік қадағалау органдарынан жұмысты жандандыруға қатысты тиісті рұқсат алынған.

Естеріңізде болса, «Болашақ» шахтасы келешекте жылына 7,5 млн тонна хром кенін өндіретінін жазған едік. Жаңа нысанның арқасында Қазақстан ферроқорытпа нарығындағы жетекші орындарын сақтап қалмақ.

ERG компаниясының шахта құрылысына және оны жобалық қуатына шығаруға бағыттаған инвестициясы – 1 триллион теңгеден асты. Мұнда 1 мың 800-ге дейін жұмыс орны ашылады. Кен өндіру үшін бұрғылау бағдарламасы орнатылған, автоматты басқару режимінде жұмыс істейтін, жер бетінен қашықтықтан басқару мүмкіндігі бар жаңа, өнімділігі жоғары «ақылды» бұрғылау қондырғылары және машинистің басқаруын талап етпейтін толығымен автоматтандырылған көтеру машиналары пайдаланылады. Бұлардың барлығы әрбір қызметкердің қауіпсіздігі мен өнімділігін айтарлықтай арттыруға сеп. 

 «Болашақ» шахтасы «Миллионное» және «Алмаз-Жемчужина» кен орындарындағы хром кенін өндіруге арналған. Шахтаның тау-кен массиві күрделі тау-кен геологиялық  жағдайларымен ерекшеленеді. Бұл жерде Қазақстандағы қара металл өндіретін ең терең шахта оқпаны орналасқан. Ол бір шақырымнан астам тереңдікте.

Жоба туралы толымды ақпарат мына роликте

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы өзге де жаңалықтар   ресми телеграм-арнасында