Өнеркәсіпті «жасыл» жаңғырту және оның қоршаған ортаға әсерін азайту жөніндегі ұсыныстар «Экология және өндіріс: тұрақты болашаққа апарар жол» атты III «ECOJER» аймақаралық форумының басты нәтижесі болды.
«ECOJER» қазақстандық қауымдастығы ұйымдастырған іс-шара Павлодарда өтіп, өнеркәсіп иелері, мемлекеттік орган өкілдері, сарапшылар мен ҮЕҰ арасындағы тікелей диалог алаңына айналды.
Форумның іскерлік күн тәртібінің негізгі өзегі «жасыл» инвестицияларды ынталандырудың практикалық шешімдерін әзірлеу болды. Озық қолжетімді техникалар (ОҚТ) бойынша сессия барысында сарапшылар тұйық цикл экономикасын дамыту үшін заңнаманы жетілдіру қажеттігін талқылады.
Конструктивті диалог қорытындысы бойынша заңнамаға енгізілетін өзгерістерге негіз болатын ұсынымдар топтамасы қалыптастырылды.
Әзірленген ұсыныстарға қатысты пікір білдірген «ECOJER» қауымдастығы Кеңесінің Төрайымы Ләззат Рамазанова олардың сала үшін негізгі рөлін атап өтті:
«Бизнеске ұран емес, экологияға инвестиция салу тиімді болатын түсінікті әрі тұрақты «ойын ережелері» қажет. Форум мемлекеттің де, өнеркәсіп иелерінің де бұл ережелерді бірлесіп жасауға дайын екенін көрсетті. Біздің ортақ міндетіміз – осы конструктивті диалогтың экономикаға да, қоршаған ортаға да пайда әкелетін жұмыс істейтін заңдарға айналуына көмектесу».
Іс-шараның тағы бір маңызды бағыты бизнестің экологиялық ашықтығы тақырыбы болды. Бүгінде өнеркәсіп пен қоғам арасындағы сенім алшақтығы көбіне объективті ақпараттың жетіспеушілігінен туындайды. Сарапшылар мен ҮЕҰ өкілдері эмоцияға толы даулардан фактілерге негізделген диалогқа қалай көшуге болатынына назар аударды.
«Біз ашықтықты міндет немесе қауіп ретінде қарауды тоқтатуымыз керек. Бұл, ең алдымен, ынталандыру. Жауапты бизнес үшін бұл – нақты жұмысты көрсетіп, экологияға қамқорлық танытқандай кейіп танытатындардан өзін бөлектеу мүмкіндігі. Ал мемлекет үшін – жауаптыларды ынталандырып, артта қалғандарға көмектесетін салмақты саясаттың негізі», - деп атап өтті «ECOJER» қауымдастығының Бас директоры Рүстем Қабжанов.
Бұл ұстанымның іс жүзіндегі дәлелі ретінде форум аясында ERG және SGS – инспекциялық қызметтер, сертификаттау және экологиялық сараптама саласындағы халықаралық көшбасшы компаниялар арасында келісімге қол қойылды. Бұл бастама ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіптік кәсіпорындарға тұрақты экологиялық аудит жүргізу қажеттігі туралы тапсырмасын тікелей жүзеге асыруға бағытталған. Құжат Топтың «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытының алюминий дивизионына және Қазақстан электролиз зауытына ерікті халықаралық экологиялық аудит жүргізуді көздейді.
Аудиттің негізгі мақсаты – кәсіпорындар қызметінің өнеркәсіптік шығарындылар және озық қолжетімді техникалар (ОҚТ) саласындағы Еуропалық парламент пен ЕО Кеңесінің экологиялық стандарттарына сәйкестігін бағалау. Бұл жұмысқа Қазақстан, Бельгия, БАӘ және Ресей мамандары қатысады, бұл бағалаудың тәуелсіздігін және кәсіби сараптаманың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Бұған дейін Қазақстанда алғаш болып SGS-тің ерікті халықаралық экологиялық аудитінен ERG құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өткен болатын. Қазіргі уақытта оның қорытындысы шығарылуда. Аудит зауыттың негізгі бөлімшелерін – балқыту цехтарын, шикізатты дайындау және қалдықтарды қайта өңдеу цехын қамтыды. Онда SGS сарапшылары құжаттаманы тексеріп, өндіріс алаңдарын қарап, витнессинг рәсімін – ауа, су және топырақ сынамаларын алып, зертханалық талдау жүргізді, сондай-ақ аспаптық өлшеулердің жүргізілуін бақылады.
«Өндірісті экологияландыру тұрғысынан туған өңірлеріміздің алдындағы жауапкершілігімізді сезіне отырып және Компаниямыздың миссиясын ұстана отырып, біз Топ кәсіпорындарында тәуелсіз экологиялық аудит жүргізуге бастамашы болдық. Біз үшін әлемдік деңгейдегі сарапшыларды тартудың маңызы зор болды, сондықтан SGS компаниясына жүгіндік, – деп атап өтті ERG Kazakhstan бас директоры Серік Шахажанов. - Біз 2018 жылы 2030 жылға дейінгі Экологиялық стратегияны әзірлеп, оны табысты жүзеге асырып келеміз. Ол қызметтің барлық негізгі бағыттарын – тау-кен өндірісін, металлургия мен энергетиканы қамтиды. Біз қатты заттар шығарындыларының көлемін жоғары стандарттарға сай кезең-кезеңімен азайтып жатырмыз. 2025 жылы қатты шығарындыларды 15%-ға төмендетеміз деп күтеміз. ERG Экостратегия жобаларына 282 млрд. теңге инвестиция салады».
«Қазхром» ТҰК» АҚ мен ERG компанияларына SGS-ке сенім артқаны және көшбасшылық танытқаны үшін алғыс білдіреміз. Ерікті экологиялық аудит жүргізу біздің клиенттерімізге табиғатты қорғау заңнамасына сәйкес келмеу тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы үздік салалық тәжірибелерге сәйкес келу қадамдарын белгілеуге мүмкіндік береді. Жүргізілген экологиялық аудит нәтижелері «Қазхром» ТҰК» АҚ мен ERG үшін пайдалы болып, компанияның экологиялық нәтижелілігін арттыруға және болашақта тиімді экологиялық стратегияны қалыптастыруға негіз боларына сенімдіміз», - деді SGS компаниясының Қазақстан және Каспий өңірі бойынша «Экология» бағытының менеджері Илья Корляков.
Екі келісім де – ERG-дің Экологиялық стратегиясын жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмысының жалғасы. Оның арқасында «жасыл» экономика қағидаттарына бағытталған үздік инновациялық шешімдер енгізілуде. Сонымен қатар, ERG жыл соңына дейін қазақстандық хромға халықаралық экологиялық декларация алуды жоспарлап отырған еліміздегі алғашқы өнеркәсіптік компания болды. Бұл құжат оның барлық әлемдік талаптарға сәйкестігін растайды.
Әзірленген барлық ұсыныс Форумның қорытынды қарарында бекітілді. Атап айтқанда, ашықтықты арттыру үшін экологиялық мониторинг деректеріне ашық қолжетімділігі бар бірыңгай мемлекеттік цифрлық платформа құру және мемлекеттік органдарды барлық ескертулерге негізді жауап беруге міндеттей отырып, қоғамдық тыңдаулар рәсімін жетілдіру ұсынылды. Бизнесті қолдау үшін қоршаған ортаға жүктемені арттырмайтын жобаларға елеусіз өзгерістер енгізу тәртібін оңайлату ұсынылды.
Ұсынымдардың толық топтамасы ресімделіп, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентіне жолданады.