22 Қыркүйек 2025

Ақсу энергетиктері Орталық Азиядағы алғашқы инновациялық сүзгілерді іске қосады

ERG Павлодарда өткен III ECOJER аймақаралық форумында («Экология және өндіріс: орнықты болашаққа апарар жол») Fujian Longking Co., Ltd компаниясымен энергетика саласы үшін маңызды келісімге қол қойды.

Форум өнеркәсіп өкілдері, мемлекеттік органдар, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ашық пікір алмасу алаңына айналды.

Компания өзінің Экологиялық стратегиясы аясында қоршаған ортаны қорғауға арналған жабдықтардың әлемдік көшбасшысы Fujian Longking Co., Ltd компаниясымен келісімшарт жасасты. Шарт бойынша ERG құрамындағы «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның Ақсу электр станциясындағы №4 және №7 энергия блогына үш гибридті сүзгі орнатылады. Бұл сүзгілер Орталық Азияда алғаш рет энергия өндіруші кәсіпорындарда қолданылады. ERG осы жобаға 13 млрд теңгеден астам қаржы құйып, қатты шығарындыларды ең озық әлемдік стандарттарға сай деңгейге дейін азайтуды көздеп отыр.

Гибридті сүзгі екі бөліктен тұрады: электрлік және жеңдік (қап сүзгілері). Алдымен шаңды ауа электрлі секцияда тазартылып, кейін жеңдік сүзгілер арқылы толық сүзілетін болады. Бұл – қазіргі таңда қолданыстағы ең озық технологиялардың бірі, халықаралық талаптарға толық жауап береді.

– Мемлекет басшысы 8 қыркүйектегі Жолдауында: «Табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет» деп атап өтті. Бүгін қол қойылған келісім дәл осы міндетке сай келеді, – деді ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов. – Бұл – ERG акционерлері бекіткен Экологиялық стратегияның жүйелі жалғасы. 2018 жылдан бері біз осы бағытты ұстанып, ең үздік инновацияларды енгізіп келеміз. Қазірдің өзінде ауаға таралатын қатты қалдықтарды 15%-ға қысқарттық. 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Экостратегия жобаларына ERG 282 млрд теңге инвестициялауды жоспарлап отыр. Ол тау-кен өндірісі, металлургия және энергетиканың барлық негізгі салаларын қамтиды.

– Longking компаниясының қоршаған ортаны қорғау технологияларымен айналысқанына 50 жылдан асты. ERG-мен бірлесе отырып, біз Қазақстан энергетикасында алғаш рет гибридті сүзгілерді енгізіп отырмыз. Көмір генерациясы әлі де елдің энергия теңгерімінде маңызды орынға ие, ал кәсіпорындар экологиялық жауапкершілікті толық сезінуі тиіс. Ақсу электр станциясындағы жоба – біздің технологияларымызды Орталық Азияда қолданудың жаңа кезеңі әрі көмір энергетикасын «жасыл» арнаға бұрудың айқын үлгісі болмақ. Longking пен ERG серіктестігі арқасында Орталық Азия энергетикасына үлгі болатын жоба жүзеге асады деп сенімдіміз, – деді Fujian Longking компаниясының бас директоры Хуан Вэй.

Айта кетейік, 2023 жылы ERG Қазақстанда алғаш болып «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның ЖЭО қазандығына жеңдік сүзгі технологиясын енгізді. Сондай-ақ Павлодар алюминий зауытында да гибридті сүзгілерді орнатып, ауа сапасын жақсартуға үлес қосты.

 

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат  ресми телеграм-арнамызда