25 Қыркүйек 2025

ERG хром кенін байытудың заманауи әдісін ойлап тапты

Ақтөбе облысында қалдықтардан хромды бөліп алуға арналған жаңа технология – ERG Green флотация учаскесі іске қосылды. Бұл технология ондаған жыл бойы қордаланған өндірістік шламдарды құнды шикізатқа айналдырып, табиғатқа түсетін салмақты азайтып әрі айтарлықтай экономикалық пайда әкелмек. Жобаға ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰҚ» АҚ 20,6 млрд. теңгеден астам қаржы құйды.

Қазақстан ғылымының негізін қалаушы, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев: «Ғылымды тәжірибеден бөліп қарауға болмайды. Ғалымның еңбегі өндіріс маманының тәжірибесімен тоғысқанда ғана табысқа жетеді», – деген еді. Бұл ой ERG тәжірибесінде айқын көрініс тапты. Шлам қалдықтарынан хромды флотация әдісімен бөліп алу технологиясын жасау – әлемде теңдесі жоқ жаңалық. Ол ғылыми ізденістерге жүйелі түрде қолдау көрсетудің арқасында мүмкін болды. Компания келісімшарттық қызмет бойынша жыл сайынғы түсімнің 1%-ын ғылымға бағыттайды, соның нәтижесінде нақты өндірістік міндеттерге жауап беретін ғылыми-техникалық шешімдер әзірленіп келеді.

Флотация әдісі негізінен түсті және қымбат металдарды байытуда қолданылады. Ал хром өнеркәсібінде мұндай тәсіл – сирек әрі тың шешім. ERG Ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығы әзірлеп, патенттеген технология ультражұқа бөлшектерден де хромды бөліп алуға жол ашты. Бұған дейін мұндай қалдықтар өңдеуге жарамсыз саналып келген.

Флотациялық учаске – Топтың Экостратегия аясында «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Дөң тау-кен байыту комбинатында іске асып жатқан ERG Green бағдарламасының жаңа кезеңі. Негізгі мақсат – ондаған жылдар бойы қордаланған қалдықтарды өндірістік айналымға қосу.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің кәсіпорындарын ғылымды дамытуға үлес қосуға шақырған болатын. ERG 2024 жылдың соңында қабылданған жаңа Даму стратегиясына сай, заманауи технологияларды енгізумен қатар, өзіміздің де бірегей шешімдерімізді әзірлеуге басымдық беріп келеді. ERG Ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығы әзірлеген шлам қалдықтарынан хромды флотациялау технологиясы – соның айқын дәлелі. Мен бұл салалық жаңалықтың басынан бастап дамуын бақылап келемін және бүгін осы ғылыми-техникалық серпілістің куәсі болып отырғаныма шын мәнінде қуаныштымын. Бұл жаңалықтың дүниеге келуіне компаниямыздағы талантты мамандардың еңбегі мен инновациялық корпоративтік мәдениет ықпал етті, – деді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор Шухрат Ибрагимов.

Айта кетсек, 2023 жылы Дөң тау-кен байыту комбинатында ERG Green бағдарламасының алғашқы кезеңі жүзеге асырылып, шламды гравитациялық әдіспен байытатын бірегей фабрика іске қосылды. Нәтижесінде құрамында кемінде 48,5% хром бар тауарлық концентрат алынады. Дегенмен, одан кейін де құрамында хромы бар қалдықтар қалады. Жаңа флотациялық учаске сол ультражұқа қалдықты өңдеп, бағалы металды бөліп алуға арналған.

Жалпы бағдарлама аясында шамамен 14,5 млн тонна қордаланған шламды қайта өңдеу көзделген. ERG Green жобасына құйылған жалпы инвестиция көлемі 96 млрд. теңге.