10 Қараша 2025

ERG Ұлттық біліктілік жүйесін дамытып жатыр

Eurasian Resources Group (ERG) Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы алғашқы кәсіби біліктілікті тану орталығын ашты. Бұл еңбекті тәуелсіз бағалау жүйесін дамыту мен сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттырудағы маңызды қадам. Орталық Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасында аккредитациядан өткен. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен құрылып, Ұлттық біліктілік жүйесі талаптарына сәйкестендірілді. Оның негізгі міндеті – тау-кен және металлургия бағыттарындағы негізгі кәсіптер бойынша қызметкерлер мен лауазымға үміткерлердің кәсіби біліктілігін ресми түрде бағалап, тану.

Кәсіби біліктілікті тану орталығын ашу бірден бірнеше міндетті қатар шешеді. Қызметкерлер оқып, білімін жетілдіріп немесе нақты іс жүзінде тәжірибеде меңгерген біліктілігін ресми түрде растай алады. Ал компанияларға бұл – персоналдың құзіретін жүйелі басқару құралы бола алады. Ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ете отырып, бағалаудың бірыңғай стандартын белгілеп береді. Тиімділікті арттырып, өндіріс қауіпсіздігін жақсартуға сеп. Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту – бүтін бір сала мен мемлекетке кадр тапшылығы түйінін шешу, кәсіби бағалауға сенімді нығайту сынды бірқатар бағыттарды ілгерілетеді.

– Жолдауда мемлекет басшысы елге жоғары білікті, жақсы даярлық көрген жұмысшы мамандар қажет екенін атап айтты. Кәсіби біліктілікті тану орталығын ашу – ERG-дің еліміздегі адам капиталын дамытуға қосып отырған үлесі. Біз халықаралық стандарттарға сай, ашық бірыңғай бағалау талаптары жүйесін айқындаймыз. Бұл біздің мамандарымыздың тек Қазақстанның іші ғана емес сыртта да бәсекеге қабілетті болуына сеп,- деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.

ERG Кәсіби біліктілікті тану орталығының ашылуы – Қазақстанның тау-кен металлургия кешені саласындағы айтулы оқиға. Жоба Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен әрі саладағы білікті сарапшыларды жұмылдыра отырып іске асырылған. Жұмыс мемлекеттік талаптар мен біліктілікті тәуелсіз бағалаудың озық тәжірибелеріне сай. 

– ERG-дің бұл орталығы болашақта халықаралық стандарттарға сай қызметін етіп, шетелдік ұйымдармен де серіктесе қызмет атқаратын бірыңғай жүйенің бір бөлшегіне айналарына сенімдімін. Мұндай орталықтар өнеркәсіп аймақтарын кеңінен қамтып, кәсіпорын қызметкерлеріне тың мүмкідік ұсына алады. Өйткені, қызметкерлердің кәсіби қабілеті мен қарымы елде, одан тыс жерлерде де мойындалады. Осы орайда, мұндай құрылымдардың табысы – бизнес пен білім беру жүйесі арасындағы мығым серіктестіктің арқасында мүмкін болғанын айта кеткен абзал. Кәсіпорындар мен оқу ордаларының арасындағы байланыс Қазақстан ТКМ саласына үздіксіз кадр даярлау экожүйесін қалыптастырды. Ол кәсіби оқытудан бастап, біліктілікті тануға дейінгіні түгел қамтыған. Бұл білім беру мен өндіріс жүйесі қанаттаса қатар жүретін болашақтың даму моделі,- деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.

Бастапқыда ERG Кәсіби біліктілікті тану орталығы 12 негізгі кәсіп бойынша бағалау жүрізеді. Бұл қатарда: ферроқорытпа балқытушы, матаушы, металлургиялық өндірістегі кран машинисті, электргазбен және қолмен доғалы дәнекерлеуші, электрмен дәнекерлеуші, жарушы, ұңғылаушы, экскаватор мен тиеп-жеткізу машинасының машисті, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері сынды мамандықтар бар. Заңнама нормаларына сәйкес ол міндетті және ерікті түрде жүргізілуі мүмкін. Орталық қызметін тек ERG қызметкерлері ғана емес, өзге де кәсіпорын мамандары, студенттер мен түлектер, мердігер ұйым жұмысшылары да пайдалана алады.

Орталыққа Ақсу қаласының таңдалуы да тегін емес. Әлемдік ферроқорытпа өндірісінің алпауыты мен Топтың «Энергетика» дивизионының күре тамыры осында орналасқан. Өз кезегінде бұл бағалау процедураларының ыңғайлы әрі аймақтағы мамандарға қолжетімді болуына сеп.

Болашақта ERG бағаланар мамандық санын кеңітіп, Рудный мен Хромтау қалаларында да осындай орталықтар ашуды көздеп отыр. Одан бөлек, кәсіби біліктілікті тану нәтижелерін ERG-дің корпоративтік оқыту жүйесіне кіріктіру қарастырылған. Бұл HR-жүйелерінде қызметкердің кәсіби деңгейін автоматты түрде ескеруге сеп.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда