Орал қаласында өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей аймақтарының XXI форумы аясында Eurasian Resources Group (ERG) пен «Завод металлоконструкций» АҚ (Ресей) думпкар жеткізілімдеріне қатысты меморандум жасасты. Шара барысында екі елдің ірі компаниялары қатысқан келісімшарттар биржасы өткен болатын. Жасалған меморандум сомасы 15 млн АҚШ долларына жуықтады.
Құжатқа ERG Коммерция орталығы сатып алулар департаментінің директоры Ойрат Тасқарин мен «ЗМК» АҚ Бас директорының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Андрей Балашовтар қол қойды.
ERG мен ЗМК арасындағы жекелеген B2B келіссөздері барысында тараптар іскерлік байланысты одан ары тереңдетуге ынталы екенін растады. Кездесу қорытындысында 2026 жылдың алғашқы 6 айында ERG-дің «Темір» дивизионына 87 думпкар жеткізу туралы меморандум жасалды. Темір жол көліктері Қашар карьеріне қажет.
– Бұл келісімшарт компанияларымыздың арасындағы серіктестіктің лайықты, – деді ERG Коммерция орталығының бас директоры Руслан Мулюкбаев. – Бұл техника өндірісте қауқарлы екенін паш етті. Жаңа формат – тікелей серіктестік – тиімді жұмыстың тың мүмкіндіктеріне жол ашты. Жеткізілім уақытын оңтайландырып, сапасын арттырады.
Жаңа думпкарлар паркі Қашар карьеріндегі фабрика кешеніне темір кенін жеткізу тиімділігін арттырады. Әрі ERG-дің өндіріс көлемі мен дайын өнім сатылымын арттыруға бағытталған стратегиялық мақсаттарына қолжеткізуге сеп.
Шараны ұйымдастыруға «Корпорация «МСП» АҚ, Российский экспортный центр (РЭЦ) және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мұрындық болған.
Кездесудің басты мақсаты – Қазақстан мен Ресей компаниялары арасындағы тікелей іскерлік байланысты дамыту, жаңа серіктестер іздестіріп, өндірісті жергілікті жерде ашу, экспорт пен импорттың тың мүмкіндіктерін қарастыру.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда