19 Қараша 2025

Жұмысшы мамандықтар жылы мен Абай мұрасын дәріптеген муралдар ERG-дің туған қалаларының ажарын айшықтады

ERG биыл екі бірдей айтулы шара – Жұмысшы мамандықтар жылы мен Абайдың 180 жылдығын кең ауқымды шығармашылық жобамен түйіндеді. Қазақстанның әр тарабындағы Топ кәсіпорындары орналасқан қалалардың көпқабатты үйлері мен өнеркәсіп ғимараттарына еңбек адамдары мен елдің мәдени мұрасын паш еткен 7 мурал салынды.

Лисаков қаласы көш бастап, онда 9 қабатты үйдің бір қабырғасы түгел муралға айналды. Арт-нысан қала күні мен «Қазақстан алюминийі» АҚ КБКБ-ның 75 жылдығына орайластырылған. Композицияда Абай Құнанбайұлының «Еңбек – қуаныш, жалқаулық айырылмас азап» деген қанатты сөзі мен тау-кен өндіру саласындағы негізгі мамандықтар бейнесі шебер үйлестірілген.

Игілікті істі ERG Service-тің Павлодар машина жасау зауыты жалғап, дәнекерлеу-құрастыру цехының қасбетіндегі 500 шаршы метр аумаққа мурал салды. Онда да еңбек адамының бейнесі мен Абайдың «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы секілді тез суалар» деген нақылы тұр. ERG-дің тұрғын үй бағдарламасы аясында «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ мамандарына берілген көпқабытты үйді де осындай тәрбиелік мәні бар тәлімді мурал безендірген.

Қостанай облысы Октябрьский кентінің Омаров көшесіндегі үйдің қасбетіне үлкен панно салынды. Онда КБКБ-ның алғаш іргетасын қалаған мамандарының бірі бейнеленіп, Абайдың «Бір жерде бірге жүрсең басың қосып, біріңнің бірің сөйле сөзің тосып» атты насихаты айшықталған.

ERG Service-тің Рудныйдағы Жөндеу-механикалық метал илемдеу зауыты аумағында да ауқымды іс атқарылды. Компанияның 10 жылдық мерейтойына  орайластырылған муралдан да Абай мұрасын табасыз.

Ақтөбеде шеберлер «Қазхром» ТҰК» АҚ-на бірден 2 мурал арнады. Біріншісі – тұрғын үйдің қасбетін, екіншісі – зауыттың балқыту цехын безендіріп тұр. Өмірде бар, өндірісте жүрген мамандарды бейнелеген муралды Абайдың мол мұрасы толықтырып тұр.

ERG-дің Қазақстандағы Бас директоры Серік Шахажанов бұл бастаманың компанияға маңызы ерекше екенін атап айтты:

- Біз кәсіпорындарымыз орналасқан, қызметкерлеріміз тұрып жатқан қалаларды тек әдемі безендіріп қоймай, елдің өндірісін өрге сүйреп жүрген еңбек адамдарының маңызын айшықтағымыз келді. Муралдарды «олардың еселі еңбегіне берілген ерекше баға» деуге болар. Абайдың 180 жылдығы аясында ұлы ақынның мол мұрасын қазіргі заманғы көше өнерімен  шебер жымдастырып, қаланы тек көрікті ғана емес, тәрбиелік-танымдық мәні бар дүниелер жасағымыз келді.

Барлық нысанға тегіс біркелкі ERG-дің фирмалық гаммасына сәйкес визуалды стиль мен түстер таңдалды. Туындыларда ұлттық ою-өрнек, қызметкерлеріміздің бейнесі мен көлемді айшықтар геометриялық пішіндер де кеңінен қолданылды.

ERG-дің бұл жобасы өндірістегі еңбек адамдары мен елдің мәдение мұрасына деген құрмет. Ол индустриалды аймақтар мен загамауи өнерді ұштастырып, қала көшелерінің көркін кіргізіп, ажарын ашуға бағытталды.

Муралдар қалай салынған мына сілмемелерден көрі аласыз:

https://www.youtube.com/watch?v=c4LslX6osL8

https://www.youtube.com/watch?v=x9WgmbT0WvI