09 Желтоқсан 2025

Жаңартылған Ақсу-1 станциясы Павлодар облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтады

«Ақсу-1 станциясын реконструкциялау» жобасы толық аяқталды. Оның нәтижелері вагондар мен локомотивтердің тұру уақытын айтарлықтай қысқартуға, жүк айналымының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге, пойыздарды өңдеу жылдамдығын арттыруға және станцияның өңдеу қабілетін 40%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жаңартылған инфрақұрылым өңірдің көлік жүйесін дамытудағы және Павлодар облысының одан әрі индустриялық өсуіне жағдай жасаудағы маңызды қадам болды.

Ақсу-1 теміржол станциясы өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары-ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауыты мен «ЕЭК» АҚ үшін жүк тасымалын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жүк ағындарының қарқынды болуы және көптеген жылдар бойы маневрлік жұмыстардың жоғары көлемі станцияда және кірме жолдарда тұрып қалу тәуекелдерін туындатып, пайдалану көрсеткіштеріне әсер еткен.

Инфрақұрылымның тиімділігін арттыру және станцияның өңдеу әрі өткізу қабілетін ұлғайту мақсатында Ақсу-1 станциясын реконструкциялау бойынша ірі бірлескен жоба жүзеге асырылды. Жобаны іске асыруға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және ERG құрамындағы кәсіпорындар-«ТрансКом» ЖШС, «Қазхром» ТҰК» АҚ және «ЕЭК» АҚ қатысты. Жоба аясында өндірістік процестерді оңтайландыруға бағытталған ауқымды құрылыс және ұйымдастырушылық-технологиялық жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда:

- жеті жолдың ұзартылуы және екі қосымша теміржол жолының салынуы-5,5 км-ден астам рельс-шпал торы төселді, 25 стрелкалық ауыстыру орнатылды;

- ұзындығы 1,5 км-ден асатын қолданыстағы және жаңа байланыс желісінің реконструкциясы мен құрылысы;

- сигнализация, орталықтандыру және бұғаттау құрылғыларының 9 км-ден астам кабелі төселді, заманауи байланыс жабдықтары орнатылды, орталықтандыру бекетіне жаңа пульт-табло қойылды.

Жобаның құрылыс бөлігі толық көлемде аяқталды. Қазіргі уақытта объектілерді пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде: іске қосу-реттеу шаралары, жүйелердің жұмысқа қабілеттілігін тексеру және техникалық құжаттаманы рәсімдеу.

- Бұл біз үшін жай ғана аяқталған жоба емес - бұл тасымалдау процесіне қатысушылар арасындағы сенімді нығайту. Біз маңызды инфрақұрылымдық торапты жаңарттық, енді Ақсу-1 станциясы бұрынғыдан да тиімді, тұрақты және қауіпсіз жұмыс істей алады. Бұл ERG кәсіпорындарының – «Қазхром» ТҰК» АҚ, «ЕЭК» АҚ және «ТрансКом» ЖШС жұмысына, өңірдің дамуына және серіктестеріміздің жайлылығына қосқан үлесіміз, – деп атап өтті «ТрансКом» ЖШС бас директоры Ердоc Қашаганов.

Жаңартылған Ақсу-1 станциясының пайдалануға берілуі өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы және оның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтудағы маңызды кезең болмақ.