10 Желтоқсан 2025

Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкері WorldSkills Kazakhstan 2025 чемпионы атанды

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатының өкілі Балғынбек Мырзабек WorldSkills Kazakhstan 2025 Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында жеңіске жетіп, «Өнеркәсіп автоматикасы» құзыреттілігі бойынша бірінші орын иеленді. Астанада өткен байқауда елдің түкпір-түкпірінен келген үздік жастар сайысқан.

Чемпионат «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында ұйымдастырылып, қолданбалы дағдыларды дамытуға бағытталған. Сегіз күндік додада еліміздің барлық өңірінен 825 үміткер бақ сынады. Байқау барысында тапсырмалар нақты өндірістік жағдайларға барынша жақындатылып, WorldSkills халықаралық стандарттары бойынша орындалды. 

Балғынбек Мырзабек – Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің түлегі. Қазір Дөң тау-кен байыту комбинатының №3 жөндеу цехында еңбек етіп жүр. Бұл оның чемпионатқа екінші рет қатысуы. 2024 жылы өткен сайыста қатысушы ретінде бағаланса, биыл өз тәжірибесін еселеп, нәтижесін жеңіспен түйіндеді.

– Жарысқа қызу дайындалдым. Дайындық колледж базасында өтті. Оқу орнын тәмамдағаныма бір жыл болды. Сондықтан өндірісте еңбек ету мен үшін нағыз тәжірибе алаңы. Мұнда қауіпсіздік талаптары, жауапкершілік пен тәртіп бірінші орында тұрады. Осындай орта тәртіпке, дәлдікке және әрбір қабылданған шешімге жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Бұл тәжірибе чемпионаттағы нәтижеге де, кәсіби өсуге де тікелей әсер етеді, – деді жеңімпаз.

Сонымен қатар WorldSkills Kazakhstan 2025 чемпионаты аясында Дөң тау-кен байыту комбинатының тағы бір қызметкері – Владислав Молодцов «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша сарапшы ретінде қатысушылардың жұмысын бағалауға атсалысты.

Айта кетейік, жақында ғана өткен «Кәсіби маман» Республикалық байқауының қорытындысы бойынша Дөң тау-кен байыту комбинаты кадр даярлау бойынша Қазақстандағы үздік кәсіпорын деп танылса, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі елдегі ең үздік оқу орны атанды. Комбинат пен колледж арасындағы жүйелі серіктестік қырық жылдан астам уақыттан бері табысты жалғасып келеді. Студенттер кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтеді, ал компания колледждің материалдық-техникалық базасын және заманауи құзыреттілік орталықтарын дамытуға тұрақты түрде қолдау көрсетіп жүр.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат  ресми телеграм-арнамызда