25 Желтоқсан 2025

Ақтөбеде аты аңызға айналған металлург Сертай Кенжалиннің атына көше атауы берілді

«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Ақтөбеде металлургия ардагері Сертай Кенжалиннің құрметіне аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ол өңірдегі өнеркәсіптің бастауында тұрған, саналы ғұмырының сан жылын ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Ақтөбе ферроқорытпа зауытына арнаған тұлғалардың бірі.

Сертай Кенжалиннің еңбек жолы 1943 жылы фабрика-зауыт мектебінде алғашқылардың бірі болып білім алудан басталып, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының алғашқы балқыту цехында жалғасты. Ол көрікші көмекшісінен бастап, кәсіпорындағы ең беделді мамандардың біріне дейін өсті. Өндірістегі жаңа технологиялық үдерістерді, соның ішінде төмен көміртекті феррохром өндірісін игеруге елеулі үлес қосты.

- Еңбек жолы барысында Сертай Кенжалин зауыттың дамуына, өндіріс мәдениетінің қалыптасуына және бүгінге дейін жалғасып келе жатқан дәстүрлердің орнығуына зор үлес қосты. Көпшілік үшін ол тәлімгер, сөзі мен ісі бір жерден шығатын, пікіріне құлақ асатын сенімді тұлға болды. Оның артында үлкен әрі тату отбасы қалды – балалары, немерелері, шөберелері бар. Бұл – оның кәсіби маман ғана емес, жүрегі кең, өмірлік құндылықтары ұрпағына жалғасқан адам болғанының айқын дәлелі, - деді салтанатты рәсімде Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.

Сертай Кенжалиннің кәсібилігі өндіріс аясында ғана емес, мемлекеттік деңгейде де жоғары бағаланды. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде өңірдің өкілі болды.

- Әкем үшін «бөтен мәселе» деген ұғым болмаған. Азаматтардың өтінішін жеке жауапкершілік ретінде қабылдайтын, – дейді Сертай Кенжалиннің ұлы Серік Кенжалин. Депутат ретінде адамдарды қабылдап, хаттарды қарап, елді мекендерге барып, металлургтерге, кәсіпорындарға, әлеуметтік мекемелерге, мектептер мен мәдениет ұйымдарына көмек көрсетті. Қажет болған жағдайда түзеу мекемелеріне де барды. Жеке шаруаларын кейінге қалдырып, әрбір өтінішті соңына дейін жеткізетін. Оны қалада ғана емес, бүкіл облыс көлемінде танып, құрметтейтін.

Көпжылдық адал еңбегі үшін металлург «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қажырлы еңбегі үшін» медальдарымен марапатталып, «КСРО-ның Құрметті металлургі» атағына ие болды.

- Біздің отбасымыз үшін ол ең алдымен қамқор әке болды. Бізді үлкенді сыйлауға, жауапкершіліккt және еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Білім мен адамдарға адал қарым-қатынастың маңызын үнемі айтып отыратын. Бүгінгі стелланың ашылуы, муралдың салынуы және көшеге оның есімінің берілуі – әкеміздің еңбегі мен өмірлік қағидаттарының шын мәнінде бағаланғанының белгісі деп қабылдаймыз, – деп толықтырды Серік Кенжалин.

Сертай Кенжалиннің артында алты баласы, жеті немересі және он жеті шөбересі бар үлкен әулет қалды. Салтанатты шараға қатысқан атақты металлургтың туған-туыстары мен қонақтар Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болып, биыл №1 балқыту цехының ғимаратындағы Сертай Кенжалиннің бейнесі салынған муралды тамашалады. Бұл – тағдыры мен еңбек жолы кәсіпорын тарихының ажырамас бөлігіне айналған адамға деген терең құрметтің тағы бір нышаны.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат  ресми телеграм-арнамызда