Жаңа жыл қарсаңында және Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысы ретінде Павлодар қаласында маңызды оқиға болды – ERG кәсіпорындарының 130-дан астам қызметкері қаланың Усолка шағын ауданындағы заманауи жаңа тұрғын үйден пәтер кілттерін алды. Бұл қызметкерлер мен олардың отбасыларының тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған компанияның корпоративтік әлеуметтік бағдарламасындағы маңызды кезең болды.
Ткачев көшесі, 18/1 мекен-жайындағы тоғыз қабатты үйден пәтер кілттерін табыстау рәсімі Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтың, «Қазақстан алюминийі» АҚ, Павлодар алюминий зауыты және Павлодар машина жасау зауыты басшылығының, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директоры Талғат Байыловтың қатысуымен өтті.
Қала әкімі алғашқы 20 қоныстанушыға пәтер кілттерін табыстады. Сондай-ақ «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытының қолмен дәнекерлеу электрдәнекерлеушісі Бақытжан Мирбековтың көпбалалы отбасына тоңазытқыш сыйға тартты.
– Тұрғын үй бағдарламасы «Қазақстан алюминийі» АҚ-да 2006 жылдан бері сәтті жүзеге асырылып келеді. Тек Павлодар қаласының өзінде 2009 жылдан бастап компания 30 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салды, – деді «Қазақстан алюминийі» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Юрий Педченко. – Бүгінгі күн екі есе қуанышты оқиғамен есте қалды. Ткачев көшесі, 18/1 мекенжайындағы жаңа үйден пәтер кілттерін алу – «Қазақстан алюминийі» АҚ қызметкерлері үшін тек көптен күткен баспана ғана емес, сонымен қатар Жаңа жылға тамаша сыйлық. Сонымен қатар бұл үйдегі пәтерлерге Павлодар машина жасау зауытының «ERG Service» ЖШС, «Евразия» медицина орталығының, «Сервис» ЖШС, «ERG Сервис орталығы» ЖШС және «BTS» ЖШС қызметкерлері де ие болды.
Пәтерлерді жеңілдетілген шарттармен беру – «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп, кейіннен сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйді іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылады.
Алғашқы 8 жыл ішінде кәсіпорын қызметкерлері өз пәтерлерінде тұрып, тек символикалық жалдау ақысын және коммуналдық төлемдерді төлейді. Сол уақыт ішінде олар Отбасы банкінде тұрғын үйдің 50% құнын жинақтайды. Бұл шарт орындалған кезде, банк қалған соманы 3,5%-дан (ЖТСМ - жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) бастап, 5%-ға дейінгі (ЖТСМ 5,1%-дан 6,9%-ға дейін) мөлшерлемемен тұрғын үй несиесі ретінде береді.
– ERG-мен серіктестік – бұл жұмыс беруші мен банктың бірлескен күш-жігері арқылы адамдардың ең маңызды өмірлік мәселелерінің бірі – баспана мәселесін шешуге көмектесетін жарқын мысал. Мұндай тәсіл баспанаға қол жеткізуді едәуір жеңілдетіп, отбасының қаржылық жүктемесін азайтады. Бақытты әрі әлеуметтік тұрғыда қорғалған қызметкерлер – кез келген кәсіпорынның тұрақты дамуының негізі.
Жалға алып-төлем жинау механизмі қызметкерлерге бүгіннен бастап өз пәтерінде тұруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл баспанаға қол жеткізуді едәуір жеңілдетіп, отбасының қаржылық жүктемесін азайтады. Бақытты әрі әлеуметтік тұрғыда қорғалған қызметкерлер – кез келген кәсіпорынның тұрақты дамуының негізі. Сондықтан да Отбасы банк «Корпоративтік» өнімі мен жалға алу-жинақтау механизмі сияқты корпоративтік қолдау құралдарын дамытып жатыр. Осы тетіктердің арқасында бүкіл ел бойынша зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істейтін 560-тан астам қызметкер жұмыс берушілерінің және Отбасы банкінің қолдауымен қоныс тойын атап өтті, – деді Отбасы банкінің Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Байылов.
Павлодар алюминий зауытының директоры Айтуған Ахметовтың айтуынша, еуразиялықтарға арналған бұл үй заманауи жайлылық пен қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді:
– Пәтерлер таза әрленген, заманауи бағытта жөндеу жұмыстары жүргізілген, барлық инженерлік коммуникациялармен жабдықталған, ыңғайлы заманауи лифтілер орнатылған, линолеум төселген, төбесі керме төбе түрінде жасалған. Қауіпсіздік мақсатында бөлмелерге өрт дабылы жүйесі орнатылған. Үй шын мәнінде сапалы: жарық, жылу оқшаулауы жақсы, қыста жылы, жазда салқын болады.
Болашақ жаңа қоныс иелері кілттерін алып, жаңа пәтерлерін көріп шығуға барғанда, бұл үйдің барлық талаптарға сай екеніне көз жеткізді.
– Жас кезде ипотека алуға қорқатынмын, ал отбасы құрған соң, бағалар шарықтап кетті. Ата-анаммен бірге ескі екі қабатты үйде тұрдық. ERG-дің тұрғын үй бағдарламасы басталғанда бірден қатыстық: тырысып, ұпай жинадық. Қазір менімен бірге жұбайым, ұлым және екі қызым келіп тұр – бәріміз де қуаныштымыз. Балалардың жеке бөлмелері болады, олар тіпті өзара бөлісіп те қойыпты! Жаңа жылға дейін көшіп үлгермейміз, бірақ, бәлкім, түнгі 12-де осында келіп, отшашу атармыз, – деп әсерімен бөлісті ПАЗ-дың орталықтандырылған жөндеу цехының слесарь-жөндеушісі Петр Карпин. Бүкіл отбасын қуантқан зауыт қызметкері сол күні 3 бөлмелі пәтердің кілтін алды.