06 Қаңтар 2026

ERG мен AMAN Рудный қаласындағы келешек мектебінде Қазақстандағы алғашқы сандық қауіпсіздік жүйесін іске қосады

Eurasian Resources Group (ERG) пен AMAN технологиялық стартапы Қазақстанда алғаш рет іске асырылып отырған Safe Schools пилоттық жобасы – мектепті әрбір баланы қорғауға жұмыс істейтін және пайда болғанға дейін қауіп-қатердің алдын алуға септесетін қауіпсіз кеңістікке айналдыратын цифрлық экожүйенің іске қосылғанын хабарлайды.

Жоба Рудный қаласында «ERG Mektep» бағдарламасы аясында салынған заманауи мектеп-гимназияда бастау алады. Онда компания дәстүрлі түрде білім беру мен әлеуметтік бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Safe Schools мектеп оқушылары арасында буллинг, киберқауіптер, вейпинг, депрессия және суицидтік ойлау белгілерін анықтауға мүмкіндік беретін озық мониторинг пен алдын алу технологияларын біріктірген. Жүйе нақты уақыт режимінде деректерді талдап, дабыл белгілері байқалған жағдайда, олар дағдарысқа ұласпай тұрып оқыс жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналар мен педагогтарды дереу хабардар етеді. Ал шұғыл жағдайларда SOS түймесі іске қосылып, геолокацияны жедел жіберу арқылы көмек шақыруға мүмкіндік береді.

- ERG үшін инфрақұрылым мен жұмыс орындарын құрумен қатар, балаларымыздың болашағын қорғау да аса маңызды. Safe Schools мектепті әрбір бала өзін еркін әрі қауіпсіз сезініп өсетін және дамитын кеңістікке айналдырады, – деп атап өтті ERG Kazakhstan бас директорының персонал және корпоративтік мәдениет жөніндегі орынбасары Анастасия Круч.

- Біздің басты міндетіміз – әрбір баланың қай жерде болса да өзін қауіпсіз сезінуі. Safe Schools – бұл жай ғана технология емес, адам өмірін сақтап қалуға қабілетті маңызды құрал, – дейді AMAN компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Аружан Меде.

ЮНИСЕФ пен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, еліміздегі әрбір бесінші оқушы буллингке ұшырайды немесе оған қатысады. Ал цифрлық қатерлер мен кибербуллингтің артуы қауіпсіздік мәселесін әрбір мектеп үшін аса өзекті етіп отыр.

2026 жылдың соңына дейін жалғасатын пилоттық жоба Рудный қаласындағы гимназияны заманауи технологиялар және мұқият ойластырылған қауіпсіздік құралдары арқылы әрбір бала оқып, дамып, өзін қорғай алатын мектептің үлгісіне айналдыруды көздейді.

Естеріңізге сала кетейік, Рудный қаласында былтыр қыркүйек айында 1200 орындық жаңа буын мектеп-гимназиясы салтанатты түрде ашылған. Бұл – ERG компаниясының соңғы үш жылда Қазақстанда салған үшінші мектебі. Аумағы 19 590 шаршы метрден асатын бұл білім беру нысаны «Келешек мектептері» жобасы аясындағы ең ірі мектептердің бірі саналады және еліміздегі алғашқы «жасыл» мектеп болмақ. Соңғы бірнеше жылда «ERG Mektep» бағдарламасы аясында компания мектеп білімін дамытуға 15 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады.

Мектепті мына жерден көруге болады

ERG мектебі – өзге білім беру мекемелері үшін бағдар әрі пилоттық алаң бола алатын «келешек мектебі» тұжырымдамасының іске асырылған нақты үлгісі және Топтың тұрақты дамуының ажырамас бөлігіне айналып отыр.

Жаңа гимназия тек заманауи білім беру мекемесі ғана емес, инклюзивті сәулеті, қолжетімді ортасы және жан-жақты ойластырылған қауіпсіздік жүйесі бар кешенді экожүйе болып табылады, ол эргономика, экология және энергия тиімділігі қағидаттарына негізделген.

Сонымен қатар, ERG мен «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының бірлескен жобасы аясында Рудный қаласына STEM пәндері бойынша төрт тәжірибелі мұғалім жіберілді, бұл педагогтар тек білім беріп қана қоймай, мектеп қауымдастығын дамытуға бағытталған әлеуметтік және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыратын инноваторлар болады.

Айта кетейік, бұған дейін ERG Павлодар облысындағы Қаражар және Сычевка ауылдарында екі үлгілі мектептің құрылысы мен жабдықталуын толық қаржыландырған, ал биыл компания Павлодар облысының Ақсу қаласындағы қазақ тілінде оқытатын Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепті және Ақтөбе облысының Хромтау қаласындағы №2 гимназияны жаңғыртуға қаражат бөлді.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда