27 Қаңтар 2026

Ақсу қаласында Қазақстан ТКМ саласындағы алғашқы кәсіби біліктілікті тану процедурасы өтті

Eurasian Resources Group-тің (ERG) Ақсудағы Кәсіби біліктілікті тану орталығында (КБТО) Қазақстан тау-кен металлургия кешені саласында алғаш рет қызметкерлердің кәсіби біліктілігін тану процедурасы өтті. Осылайша, салалық кәсіби біліктілікті бағалау ісін дамытуға тағы бір сәтті қадам жасалды.

Процедура – ERG-дің осыған дейін Ақсу, Рудный мен Хромтау қалаларында кәсіби біліктілікті тану орталықтарын ашып, бүтін бір желі құру бағытындағы жүйелі жұмысының заңды жалғасы. Негізгі міндет – формалды аттестациямен шектелмей, маманның меңгерген қабілеті бүгінгі күнгі өндіріс талабына қаншалықты сәйкес екенін ашық әрі әділ бағалау.

Алдын ала белгіленіп, бекітілген бағдарламаларға сәйкес, бағалау орта есеппен 4 сағат уақыт алды. Оған ERG кәсіпорындары – ERG Service, «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Еуроазияттық энергетикалық корпорациясы» АҚ мамандары қатысты.

Саладағы негізгі кәсіп иелері – ферроқорытпа балқытушысы мен электр газбен дәнекерлеуші мамандарының біліктілігі сыналды. Сын теория мен практикалық кезеңдерді қамтып, әрқайсысы қолданбалы тапсырмаларда маманның қабілетін барынша паш етуге бағдарланған.

Балқытушылардың іс жүзіндегі қабілеттері «Ферроқорытпа балқытушы» атты мамандандырылған тренажерде сыналды. Ол технологиялық процеске барынша жақындатылған жағдайда үміткердің қарымын танытуға сеп. Ал, электр газбен дәнекерлеушілер нақты дәнекерлеу қондырғыларын қолданып, қолынан не келетінін іс жүзінде көрсетті.

– Ақсуда өткен кәсіби құзыретті сынаудың алғашқы процедурасы тек дағдылар мен қабілетті бағалау ғана емес, күн сайын күрделене түсетін, әрі жаңарып отыратын шынайы өндіріс талаптарына негізделген кәсіби біліктілікті растаудың ашық әрі әділ бағалау жүйесінің моделін қалыптастыру. ERG алғашқылардың бірі болып, кәсіби біліктілікті тану орталықтарын ашты. Бұл орталықтар кәсіби біліктілік туралы заң негізінде жұмыс істейді, – деді ERG-дің Қазақстандағы Бас директорының персонал мен мәдениет жөніндегі орынбасары Анастасия Круч.

Кәсіби сыннан өткен мамандар өздерінің қарымы мен қабілетін растағанына қуанышты. «ЕЭК» АҚ 6-разрядты электр газбен дәнекерлеушісі Сергей Гуменик былай деді:

– Мен теория мен тәжірибе тапсырмаларын сәтті тапсырып, дәнекерлеуші ретінде қабілеттерімді растадым. Қазақстанда алғашқылардың бірі қатарында меңгерген құзыреттерімді растағанымды мақтан тұтамын.

Ақсудағы алғашқы процедура – пилоттық шешімнен кәсіби біліктілікті тану жүйесіне көшудегі маңызды кезең. Қызметкерлер кәсіби өрлеудің түсінікті құралына, жұмыс беруші кадрлар сапасына кепілдікке ие болды. Осылайша, бүтін бір сала жалпыға ортақ кәсіби біліктілік стандарттарына қарай ілкімді қадам басты.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда