Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өндірістің тиімділігін арттыру бағдарламасы аясында сыйымдылығы 12,5 тонналық төрт самосвал сатып алды. Бұл техника балқыту цехтарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етпек. Компания бұл жобаға 120 миллион теңге инвестиция бағыттады.
Автопаркті жаңарту – кәсіпорынның өнеркәсіп қауіпсіздігі деңгейін арттыру, логистиканы оңтайландыру және қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту қамындағы жүйелі жұмысының жемісі.
Жаңа самосвалдар жоғары қауіпсіздік пен ыңғайлылықты қамтамасыз ететін заманауи технологиялық шешімдермен жабдықталған. Атап айтқанда, техниканың жүргізушілер үшін өте ыңғайлы ауа баптағыш жүйесі бар. Көліктерге 360 градусқа дейін маңайды бақылай алатын айнала шолу камералары орнатылған. Бұл жүргізушіге көлік төңірегіндегі кеңістікті толық бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе әсіресе маневр жасау кезінде, соның ішінде артқа қарай жүру кезінде өте маңызды және апаттық жағдайлардың пайда болу қаупін айтарлықтай төмендетіп, өндірістік алаңдардағы қауіпсіздіктің жалпы деңгейін арттыруға қауқарлы.
– Жаңа самосвалдарды пайдалану өндірістік тапсырмаларды орындаудың жылдамдығын арттырады. Негізгі цехтардағы техниканың қолданыстағы паркіне түсетін жүктемені азайтып, өндірістік учаскелердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, мұның бәрі өндірістің тұрақтылығына әсер етіп, кәсіпорынымыздың ішкі және халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады, - деп атап өтті Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда