28 Мамыр 2026

ERG Shanyraq Fest Luxembourg – Еуропадағы қазақ музыка кешін ұйымдастыруға қолдау көрсетті

Қызылорда облыстық филармониясы Shanyraq Fest Luxembourg мәдени бастамасы аясында Люксембургте концерт өткізді. Шараны Қызылорда облысы әкімдігі Қазақстан Республикасының Бельгия мен Люксембургтегі Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырған.

Кешке Люксембургтің мемлекеттік құрылымдарының, дипломатиялық корпустың, іскер және мәдени орта өкілдері, сондай-ақ Люксембургте білім алып жүрген студенттер мен ондағы отандастарымыз, ERG қызметкерлері және халықаралық серіктестері қатысты.

Шараны Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Еуропалық Одақ жанындағы Қазақстан Республикасы Өкілдігінің Басшысы Роман Василенко ашты. Құттықтау сөзінде ол музыка мен мәдениет өзара түсіністік пен халықаралық диалогты нығайтатын әмбебап әрі маңызды құралдардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай кештер халықтардың өнері, тарихы мен дәстүрлері арқылы бір-бірін жақын тануына ықпал ететінін айтты.

Концерт барысында қазақ музыкасы мен фольклорының алуан түрлі жанрлары көрермен назарына ұсынылды. Сахнада «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, «Ай-ару» би ансамблі және Қызылорда облыстық филармониясының солистері өнер көрсетті. Дәстүрлі музыка мен жыршылық өнер еуропалық көрерменге кеңінен таныстырылды. Әсіресе, күй тартысы көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Жыраулық өнер де көрермен көңілінен шықты.

Концерт «Атамекен» әнімен қорытындыланып, Люксембургте тұратын қазақстандықтардың жүрегін тебірентті.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда