02 Шілде 2026

ЕЭК электр станциясында жаңа медициналық пункт ашылып, ауысым алдындағы медициналық тексерулер толық цифрландырылды

ERG құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның электр станциясында «Еуразия медициналық орталығы» ЖШС-нің жаңа медициналық пункті ашылды. Бұл жоба кәсіпорындағы корпоративтік медицинаны дамытудағы кезекті маңызды қадам болып, қызметкерлерге көрсетілетін медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтті.

Электр станциясының медициналық қызметінің тарихы 60 жылдан асады. Ермак МАЭС-і салына бастаған кезеңде мұнда алғашқы медициналық бекеттер жұмыс істеген. Кейін олар денсаулық пунктіне айналып, уақыт өте келе қызметкерлердің денсаулығын сақтауға бағытталған кешенді жүйеге ұласты. Жаңа медициналық пункттің ашылуы – осы игі дәстүрдің жалғасы.

Медициналық пунктте диагностика, профилактика және кеңес беру кабинеттері қарастырылған. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауға және медициналық қызмет сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінген.

– Біздің компания үшін адам әрдайым басты құндылық болып қала береді. Алғашқы медициналық бекеттерден бастап бүгінгі заманауи медициналық орталыққа дейінгі жол – бұл адамдарға деген қамқорлық пен тұрақты дамудың айқын көрінісі. Біз осы дәстүрді жалғастырып келеміз. Жаңа орталық қызметкерлеріміздің денсаулығын нығайтуға және ұжымның сенімді тірегіне айналады деп сенемін, – деді Энергетика дивизионының бас операциялық директоры Дүйсен Мерғалиев.

– Бұл медициналық пункт ең алдымен адамдар үшін ашылды. Мұнда медициналық көмек алуға, профилактикадан өтуге және денсаулықты нығайтуға барлық жағдай жасалған. Әріптестерімізге зор денсаулық, кәсіби жетістіктер мен ұзақ жылдарға жететін күш-қуат тілеймін. Бұл орталық кәсіпорынның әрбір қызметкеріне пайдасын тигізетініне сенімдімін, – деп атап өтті «Еуразиялық Топ» ЖШС медициналық қамтамасыз ету жөніндегі басшысы Айгүл Имашева.

Жаңа медициналық пункт жұмысының маңызды бағыттарының бірі – ERG кәсіпорындарында енгізіліп жатқан ауысым алдындағы медициналық тексерудің цифрлық жүйесі. Электр станциясында бұл процесс толық аяқталды: кәсіпорындағы үш медициналық пункттің барлығы бірыңғай цифрлық форматта жұмыс істеп, қызметкерлерді жүз пайыз қамтып отыр.

АСМО аппараттары қызметкерлердің ауысымға шығар алдындағы негізгі денсаулық көрсеткіштерін автоматты түрде өлшейді, нәтижелерді электронды түрде тіркеп, деректерді нақты уақыт режимінде жібереді. Бұл денсаулықтағы ауытқуларды жедел анықтауға, жұмысқа жіберу кезінде адами фактордың әсерін азайтуға және өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Цифрлық медициналық бақылау жүйесін енгізу жобасын «BTS» ЖШС мамандары жүзеге асырды. Олар жабдықтарды орнатып, жүйені корпоративтік ақпараттық ресурстармен біріктірді.

– Бұл жоба біз үшін тек жабдық орнату немесе деректерді корпоративтік жүйелермен біріктіру ғана емес. Бұл – әр қызметкердің денсаулығы күн сайын сенімді бақылауда болатын орта қалыптастыру. Ақпарат жедел түседі, шешімдер жылдам қабылданады, ал адамдар өздеріне қамқорлық жасалып жатқанын сезінеді, – деді «BTS» ЖШС жобасының жетекшісі Зарина Куатова.

Бүгінде ERG-дің жеті кәсіпорнында ауысым алдындағы медициналық тексерудің 33 кабинеті цифрландырылып, 233 АСМО аппараты орнатылған. Оның ішінде Ақсу электр станциясында 22 аппарат жұмыс істейді.

Жүйе өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. 2024–2025 жылдары ERG кәсіпорындарының шамамен 2 400 қызметкері АСМО көрсеткіштері негізінде қосымша тексеруден өтті. Соның нәтижесінде 240-тан астам адамнан әртүрлі аурулар алғаш рет анықталып, дер кезінде емдеу шараларын бастауға мүмкіндік туды. Мамандардың бағалауынша, бірқатар жағдайда ерте диагностика қауіпті аурулардың асқынуының алдын алуға көмектесті.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайында толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда.