ERG-дің ІТ командасы – Business & Technology Services (BTS) Екатеринбург қаласында өткен XVI Халықаралық ИННОПРОМ өнеркәсіп көрмесінде өзінің технологиялық шешімдерін паш етті. Қазақстанның ұлттық экспозициясы аясында отандық кәсіпорындардың металлургия, машина жасау, ІТ, өнеркәсіптегі ЖИ, микроэлектроника мен технологиялық білім беру салаларындағы әзірлемелер танысытырылды.
Қазақстандық павильонды «360 Индустрия: шекарасыз өндіріс» халықаралық сессиясына қатысушылар мен делегаттар аралады. Мұнда өнеркәсіптегі цифрлық трансформация, жоғарытехнологиялық өндіріс пен экономиканың нақты секторына интеллектуалды жүйелерді енгізу мәселелері басты назарда.
BTS бүгінде ERG кәсіпорындарында кеңінен қолданылып, тау-кен металлургия кешеніндегі нақты қолданбалы тапсырмаларды шешуге септесіп жатқан жобаларды көпшілік назарына ұсынған. Компаниядағы шешімдерді BTS өндірістік жүйелерді дамыту басқармасының басшысы Илья Хармац таныстырды.
Экспозицияның негізгі элементі – AI Factory – компьютерлік көру мен машиналық оқыту тұғырнамасы. Ол топтағы бірқатар өндірістік шешімдерге қанат жайған. Тұғырнама идеяны жылдам цифрлық өнімге айналдырып, табысты тәжірибелерді кәсіпорындар арасында жылдам таратуға сеп. Осылайша, деректерді талдау, автоматтандыру мен компьютерлік көру арқылы өндіріс процестерінің тиімділігін арттырады.
Таныстырылған шешімдердің бірі тарихи геологиялық материалдарды өңдеуге арналған – GeoReportMaster. Тау-кен өндіруші кәсіпорындар жылдар бойы әр түрлі есептер, карталар мен технологиялық құжаттамалар жинақтаған. Алайда, олардың басым бөлігі күрделі, талдауға икемсіз, алуан түрлі форматтаға хатталған.
GeoReportMaster осы геологиялық есептерді өңдеу ісін автоматтандырады. Оны мәтінге айналдырып, ішінен дерек іздеуді оңтайландырып, ақпаратты жүйелеп, карталарды нақты орындарға байланыстырып береді. Нәтижесінде бұрын бірнеше күн кететін күрделі тапсырмаларды мамандар енді бірнеше сағатта аяқтай алады. Геологиялық барлау ісінде қордаланған білім қолжетімді, ондағы сараптама сапасы жақсарып, шешім қабылдау мерзімі айтарлықтай қысқарады.
BTS ұсынған тағы бір кейс – карьер эстакадаларындағы техниканың тежегіш жүйесін тексеру. Компьютерлік көруге негізделген шешім бүгінде Дөң ТКБК карьерлерінде тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Бейнеағынды саралаған жүйе техниканың эстакададан өтуін тіркеп, міндетті тоқтауды бақылап, тежеуіш жүйесінің нақты ахуалын айқандап береді.
Ережебұзушылық анықталған жағдайда, ақпарат автоматты түрде жағдаят орталығына түседі. Бұл шешім бүгінде Дөң ТКБК-ның 4 карьерінде табысты жұмыс істеп тұр. АММ 2026 Конгресінде бұл шешім «ТКМ саласындағы озық digital-шешім» аталымында озық деп танылып, марапатталды.
2009 жылы негізі қаланған Business & Technology Services (BTS) – Қазақстан өнеркәсібінің сенімді серіктесі әрі Eurasian Resources Group-тің (ERG) цифрландыру, өндірістік жүйелер мен өнеркәсіптік AI-шешімдер саласындағы құзірет орталығы. Бүгінде компанияның 1 мыңнан астам білікті маманы бар. BTS жобалар портфелінде 30-дан астам ірі жобаларды әзірлеу мен сүйемелдеудің елеулі тәжірибесі, 60 мың ІТ-өнімдері мен қызметтерін пайдаланушы бар әрі 9 ірі өнеркәсіп кәсіпорны 24/7 қолдауында. BTS бүгінде Қазақстанның бірнеше өңірінде орналасқан ERG кеңселері мен өндірістік құрылымдарына ІТ-өнімдер дамытып, оларды табысты сүймелдеп келеді.
Қазақстанның ұлттық экспозициясы аясында таныстырылған BTS тәжірибесі өнеркәсіптегі ЖИ бұрынғы эксперимент кезеңінен бүгінде геологиялық барлаудан бастап, карьер техникасының қауіпсіздігіне дейінгі кәсіпорындардың күнделікті өміріне біте қайнасып кеткенін паш етіп тұр.