Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Майқайың кентінде «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы – «Керегетас» әктас кенішінің 60 жылдық мерейтойына арналған ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Бұл – компания үшін ғана емес, отандық алюминий өндірісі үшін де маңызды белес. Өйткені дәл осы кеніштен ERG Алюминий дивизионы кәсіпорындарында өндірілетін қазақстандық глинозем мен алюминийдің өндірістік жолы бастау алады. 60 жылда 109,4 миллион тонна шикізат өндіріліп, карьер тереңдігі 100 метрге жеткен.
Мерейтой Металлургтер күнімен тұспа-тұс келіп, Майқайың кентінің тұрғындарына қос мереке тарту етілді. Салтанатты шараның басты кейіпкерлері – өз ісінің майталмандары, өндіріс озаттары, қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген қызметкерлер мен «Керегетас» кенішінің ардагерлері болды. Мерекеде өндірістегі, спорттағы және кәсіпорын өмірінің өзге де салаларындағы жетістіктерімен көзге түскен 36 қызметкер марапатталды.
Олар «Өндіріс саласындағы сіңірген еңбегі үшін» және «Кенші даңқы» төс белгілерімен, Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың және Алюминий дивизионының басшысы Владимир Красноярскийдің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ «ERG еріктісі» және «Салауатты өмір салтын дамытуға қосқан үлесі үшін» грамоталарымен марапатталды. Бірқатар кеншілерге «Еңбек ардагері», «Үздік маман», «Еңбек сіңірген қызметкер» атақтары берілді. Ал қажырлы еңбегімен ерекшеленген 20 қызметкерге «Керегетас» кенішінің директоры Мағжан Сәдуақасов 250 мың теңгелік сертификаттар табыстады.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – «Керегетас» әктас кен орнын алғаш ашқан мамандар мен кеніш ардагерлерінің сахнаға шығуы болды. Олардың естеліктері мерейтойдың маңызын арттыра түсті. Ал, Алюминий дивизионының бас операциялық директоры, «Қазақстан алюминийі» АҚ бас директоры Владимир Красноярский кеншілерді құттықтай отырып, кәсіпорынның іргесін қалаған ардагерлерге зор алғысын білдірді. Сонымен қатар ол аға буынның мол тәжірибесін жалғастырған жас мамандардың өндірісті жаңғыртуға, әктас сапасын арттыруға және оның өзіндік құнын төмендетуге бағытталған жобаларға белсене атсалысып жатқанын атап өтті. Кеніштің ұсату-сұрыптау учаскесінде қолға алынған шаралар нәтижесінде тауарлық өнім шығымы 2%-ға артты. Алдағы уақытта жару жұмыстарына енгізілетін өзгерістер есебінен өнім сапасын одан әрі жақсарту жоспарланып отыр.
– Сіздер өз істеріңізге деген адалдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келесіздер. Бүгінде компаниямыздың Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы көшбасшы орнын сақтап, жаңа даму белестерін бағындыруға қосып жүрген үлестеріңіз зор, - деді Алюминий дивизионының басшысы.
Марапаттау рәсімі мерекелік концертпен жалғасты. Майқайың кентінің орталық алаңында Павлодар облыстық филармониясының әншілері мен бишілері, «ADAI» аспаптық триосы өнер көрсетті. Ал кеніштің басты қонағы ретінде танымал қазақстандық әнші Бейбіт Қорған сахнада өнер көрсетті.
Компания балаларды да назардан тыс қалдырған жоқ. Бүлдіршіндерге арнап аквагрим, аниматорлармен түрлі ойындар, көңілді эстафеталар ұйымдастырылып, «Керегетас» кенішінің 60 жылдығына арналған логотипі бар тәтті пряниктер үлестірілді.
Осылайша Майқайыңда кенішітің мерейтойы мен Металлургтер күні кең көлемде аталып өтті. Марапат иелеріне көрсетілген қошемет, сүйікті өнерпаздардың әндері мен естелік суреттер – барлығы мерекенің шынайы сәніне айналып