ERG құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ-да вахталық жұмысшылардың әйелдеріне арналған экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар өндірістік алаң мен вахталық кентті аралап, жұбайларының жұмыс орындарын көріп, ауысым кезіндегі еңбек және тұрмыс жағдайларымен танысты.
Жұбайларының қай жерде еңбек ететінін өз көздерімен көру үшін БелАЗ жүргізушілерінің әйелдері арнайы брендтелген пойызбен 540 шақырым жол жүрді. Вахталық кентке дейінгі сапар шамамен 12 сағат. Пойыз аялдамасы кенттің аумағында орналасқандықтан, құрам жұмысшылар ауысым кезінде тұратын орынға тіке келіп тоқтайды.
Экскурсия барысында меймандарға өндірістік алаң мен карьерлік техникалар таныстырылды. Әсіресе, БелАЗ карьерлік самосвалдары ерекше әсер қалдырды. Қонақтар алып көліктердің кабиналарына көтеріліп, жүргізуші орнына отырып та көрді.
- Сапарға дейін күйеуімнің жұмысы туралы оның әңгімелерінен ғана білетінмін. Әрине, ол өндіріс туралы көп айтады. Бірақ алып көмір кен орнын және техниканы өз көзіңмен көру - мүлде бөлек әсер екен. Әсіресе, БелАЗ-дардың көлемі таңғалдырды. Енді оның қай жерде жұмыс істейтінін және атқаратын жұмысының қаншалықты жауапты екенін жақсы түсінемін. Күйеуімді мақтан тұтамын, - деді БелАЗ жүргізушісінің әйелі Гүлім Исатова.
Өндірістік алаңмен танысқаннан кейін қонақтарға вахталық кенттегі тұрғын бөлмелер, спорт залы, медициналық пункт көрсетілді. Олар асханада күнделікті мәзірдегі тағамдар мен жаңа піскен нан-тоқаштардан дәм татып, вахтадағы жұмысшылардың құнарлы әрі дәмді тамақтанатынына көз жеткізді. Кентте бір мезетте шамамен 1 500 адам тұрады. Жұмысшылардың вахтасы 15 күн. Сондықтан тұру жағдайы да өндірістік алаңдағы жұмыс секілді еңбек өмірінің маңызды бөлігіне айналған.
- Маған күйеуімнің вахта кезінде тұратын жерін өз көзіммен көру маңызды. Оның жұмысқа кеткенде күнделікті өмірін тек әңгімесінен елестететін едім. Мұнда оның бөлмесін көрдім, жаттығу залында қалай жаттығатынын және қай жерде тамақтанатынын білдім. Сапардан кейін көңілім әлдеқайда тынышталды, өйткені енді оның вахтадағы өмірі қалай өтетінін білемін, — деді Наталья Пономарева.
Кәсіпорын үшін мұндай сапар қызметкерлердің отбасыларын өндіріс жұмысымен таныстырып қана қоймай, кәсіпорында қауіпсіз еңбек етуге, тұруға және демалуға қажетті жағдайлардың жасалғанын көрсету мүмкіндігі.
- Бізге қызметкер вахтаға аттанғанда өзінің қауіпсіздігіне ғана емес, отбасының да ол үшін алаңдамайтынына сенімді болуы маңызды. Алыста жүрудің өзі оңай емес, ал белгісіздік алаңдаушылықты одан әрі күшейтеді. Сондықтан біз жұмысшылардың қай жерде жұмыс істеп, қайда тұратынын, тұрмысы қалай ұйымдастырылғанын, еңбек етуі мен демалуына қандай жағдай жасалғанын әйелдерінің өз көздерімен көргенін қаладық. Енді олардың алаңдайтын себептері азайды деп ойлаймын, - деді вахта бастығы Маулет Нұрмағамбетов.
«Шұбаркөл көмір» АҚ-да алғашқы отбасылық сапардың қорытындысы бойынша вахтадағы «отбасылық күндерді» тұрақты түрде өткізуді дәстүрге айналдыру жоспарланып отыр.
Алғашқы отбасылық сапардың қалай өткенін біздің бейнероликтен көре аласыздар. Экскурсияны тамашалап, өндіріс пен жұмыс ауысымдары өтетін жағдайлармен танысу үшін смартфон камерасын QR-кодқа бағыттаңыз.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнасында