19 Тамыз 2026

ҚАҒАЗ ЖУРНАЛДАРДАН ДЕРЕКТЕРГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН БАСҚАРУҒА ДЕЙІН: ЕЭК ӨНДІРІСТІ ҚАРҚЫНДЫ ЦИФРЛАНДЫРУДА

ERG құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ электр станциясында MES – өндірістік процестерді басқарудың цифрлық жүйесі ауқымын кеңейтіп келеді. 2024 жылы жекелеген цифрлық сервистерді енгізуден басталған жоба бүгінде жеті негізгі өндірістік цехтың екеуін қамтиды. Химиялық цехында қағаз өндірістік журналдар цифрлық форматқа ауыстырылып, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін дайындау және беру уақыты шамамен үш есеге қысқарды.

Дегенмен жобаның негізгі мақсаты – қағаздан бас тарту емес. MES өндірістің цифрлық ортасын қалыптастырады. Мұнда деректерді талдау мен шешім қабылдаудың маңызды құралына айналады: ауытқуларды көруге, тиімсіздіктің себептерін анықтауға және енгізілген өзгерістердің нәтижесін бағалауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Ақсу электр станциясының химиялық цехындағы ақпараттың едәуір бөлігі қолмен тіркелетін. Зертханашылар, аппаратшылар мен инженерлер өлшеу, сынақ нәтижелері және басқа да көрсеткіштерді қағаз журналдарға енгізетін. Кейбір операциялар бойынша бірнеше рет жазба жасау қажет болды: алдымен сынама тіркелсе, кейін оның талдау нәтижесі бөлек енгізілетін. Мұндай жүйе ақпаратты сақтауға мүмкіндік бергенімен, оны жедел талдауды қиындатты.

- Қағаз түріндегі мыңдаған жазбаны қарап, соңғы бір жылдағы статистиканы шығарып көріңіз. Бұл өте көп еңбекті қажет етеді. Қазір мұның бәрі цифрлық форматта сақталады, есеп алдын ала бапталған. Сондықтан мұндай талдау бірнеше минутта, тіпті бірнеше секундта жасалады, – дейді «ЕЭК» АҚ IT және цифрландыру жөніндегі директоры Серік Искаков.

ЕЭК-те MES-тің алғашқы сервистері 2024 жылы енгізіле бастады. Ал 2026 жылы жоба өндірістік процестерді жүйелі түрде цифрландыру кезеңіне өтті. Алғашқы ірі қадамдардың бірі – химиялық цехында электронды өндірістік журналдарды енгізу болды. Маусым айынан бастап олар өнеркәсіпте пайдалануға берілді. Ал электронды форматқа ауыстыруға рұқсат етілген қағаз журналдар енді қолданылмайды.

Бұл ретте жоба командасы қағаз журналдарды жай ғана экранға көшіруді мақсат еткен жоқ.

– Өндірістік журнал – өндірістік процестің қағаздағы көрінісі. Мен бір нәрсе жасадым да, оны жазып қойдым. Ал жазылмаған нәрсе назардан тыс қалады. Сондықтан қағаз журналдағы ақпарат толық болмайды. Негізінде біз журналдарды емес, өндірістік процестердің өзін цифрландырып жатырмыз, – деді BTS тарапынан жоба жетекшісі Асыл Шайхимов.

Цифрлық процесте қызметкер бастапқы деректерді бір рет енгізеді. Одан кейін MES қажетті есептеулерді автоматты түрде жүргізеді, қалыптан тыс көрсеткіштерді белгілейді және қажетті хаттамалар мен есептерді қалыптастырады.

Өзгерістің әсері әсіресе зертханада айқын байқалады. Жоба командасының бағалауынша, зерттеу нәтижелерін дайындау және беру уақыты шамамен үш есеге қысқарды. Бұрын мамандар тәулігіне бірнеше рет алынған деректерді жинап, орташа, ең төменгі және ең жоғары көрсеткіштерді қолмен есептеп, содан кейін ғана есеп дайындайтын. Қазір бұл операциялардың едәуір бөлігі автоматты түрде орындалады.

Бірақ уақытты үнемдеу – цифрландырудың бір ғана нәтижесі. Жиналған деректерді жабдықтардың жай-күйін талдау үшін де пайдалануға болады. Мысалы, май талдауының нәтижелері жабдық жұмысының сенімділігіне байланысты өзгерістерді бақылауға және әрі қарай қандай шаралар қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді.

Дәл осы құрылымдалған деректердің жинақталуы өндірісті нақты фактілерге сүйене отырып басқарудың келесі деңгейіне негіз болады.

– MES арқылы процестер ашық бола бастағанда, өз процестеріңді көресің, тиімсіздіктерді анықтайсың және олардың неден туындайтынын түсінесің. Содан кейін өзгерістер енгізіп, оның нәтижесін көре бастайсың, – дейді Асыл Шайхимов.

Осылайша, ЕЭК-тегі MES біртіндеп автоматтандырылған жекелеген функциялар жиынтығынан өндірістік бөлімшелердің бірыңғай цифрлық ортасына айналып келеді.

– Қазіргі кезеңде MES-тің негізгі құндылығы – талдау жасауға негіз қалыптастыру. Процесс цифрлы әрі ашық болған кезде ауытқуды көруге, оның себебіне қатысты болжам жасауға, процесті өзгертуге және кейін оның нәтижесін өлшеуге мүмкіндік пайда болады. Бұл басқару тәсілін өзгертеді: жекелеген көрсеткіштер мен сараптамалық тәжірибеге негізделген шешімдерден цифрлық форматта бақылауға болатын процестерді басқаруға көшеміз, – деп түйді Серік Искаков.

Келесі кезең – масштабтау

Бүгінде MES ЕЭК-тің жеті негізгі өндірістік цехының екеуін қамтиды. Келесі кезең – цифрлық ортаны басқа бөлімшелер мен станцияларға кеңейту.

Бұл ретте қолданыстағы барлық журналдарды электронды форматқа механикалық түрде көшіру туралы сөз болып отырған жоқ. Заңнамаға сәйкес өндірістік құжаттаманың бір бөлігі қағаз түрінде сақталуы тиіс. Сондықтан әрбір жаңа учаскеде процестер жеке зерделеніп, қандай деректер қажет екені анықталады және соған сәйкес цифрлық логика бапталады.

Болашақта жинақталған деректер тек ақпаратты тіркеу мен есептілік үшін ғана емес, жедел басқару үшін де пайдаланылатын болады. Бұл учаскелер мен энергоблоктардың көрсеткіштерін бақылауға, ауытқуларды жылдам анықтауға және тиімсіздіктің себептерін белгілеуге мүмкіндік береді.

Осылайша, ЕЭК-те MES жүйесін масштабтау – өндірісті цифрландырудың келесі кезеңі. Деректер енді жай ғана архивте сақталатын ақпарат емес, өндірісті басқарудың нақты құралына айналады.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайында толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда.