ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты энергетикалық инфрақұрылымын күшейтіп жатыр. Кәсіпорын қуаты 250 МВА болатын жаңа күштік автотрансформатор сатып алды. Жобаға құйылған инвестиция көлемі – 1,1 млрд теңгеден асты.
Ферроқорытпа өндірісіне электр энергиясы – ең негізгі ресурстардың бірі. Зауыттағы өнім балқыту процесі жоғары температуралы қуатты электр пештерінде жүреді. Сондықтан кәсіпорын энергияны көп қажет ететін өндіріс қатарына жатады. Ал электр қуатының үздіксіз берілуі технологиялық процестің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сол себепті жаңа трансформатор жай ғана құрылғыны ауыстыру емес, зауыттың бүкіл энергетикалық жүйесінің сенімділігін арттырып, қосымша қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік берген.
– Энергетиктер үшін ең үздік нәтиже – жабдықтардың тұрақты жұмыс істеп, жөндеудің уақтылы жүргізілуі және төтенше жағдайларға арналған сенімді қуат қорының болуы. Негізгі трансформаторлар – зауыттың «жүрегі». Жаңа жабдық іске қосылғаннан кейін оның қуаты арта түсті. Енді қолданыстағы жүктемені толық өтеп қана қоймай, алдағы жылдары құрылғыларды жоспарлы түрде жаңартуға да жеткілікті резерв бар, – деді Ақсу ферроқорытпа зауытының бас энергетигі Мансур Газин.
Жаңа автотрансформатор заманауи онлайн-мониторинг және өзін-өзі диагностикалау жүйелерімен, сондай-ақ автоматты өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған. Құрылғы зауыттың негізгі төмендеткіш қосалқы станцияларының бірінде іске қосылды. Ал 40 жылдан астам уақыт бойы қызмет еткен алдыңғы қондырғы күрделі жөндеуге жіберілді. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң қосалқы станциядағы екінші агрегат та дәл осылай жөндеу көрмек. Бұл өндірістің негізгі жабдықтарын кезең-кезеңімен толық жаңартуға жол ашады.
ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда