26 Тамыз 2026

Қазхромның металлургтері мен шахтерлері балалардың мектепке дайындығына қолдау көрсетті

Жаңа оқу жылы қарсаңында ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ кәсіпорындарының ұжымдары дәстүрлі түрде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясына атсалысты. Жыл сайын өтетін «Қайырымдылық рюкзагі» акциясы аясында қазхромдықтар оқуға қажетті құралдармен жабдықталған 630 рюкзак жинап, балаларға табыстады.

«Қайырымдылық рюкзагі» акциясы «Қазхром» қызметкерлері үшін жыл сайынғы игі дәстүрге айналған. Кәсіпорындардың цехтары мен бөлімшелері балалардың жаңа оқу жылын қажетті мектеп құралдарымен бастауына қолдау көрсету үшін бірлесе атсалысады. Биыл Ақтөбе, Хромтау, Ақсу қалалары мен кәсіпорындар орналасқан өңірлердің басқа да елді мекендеріндегі оқушыларға көмек көрсетілді. Олардың қатарында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және ерекше қолдауды қажет ететін оқушылар бар.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері 255 рюкзак жинады. Бұдан бөлек, 15 баланы мектепке толық киіндіріп, оларға мектеп және спорт формасын, аяқ киім мен өзге де қажетті заттарды алып берді.

– Әр сыйлықтың артында тек мектеп құралдарының жиынтығы ғана емес, балаларға деген қамқорлық пен жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен бастауына қолдау көрсету ниеті тұр. Осы игі дәстүрді жалғастырып келе жатқан зауыт ұжымына алғыс білдіремін, – деді Ақтөбедегі №59 орта мектебінің директоры Эльвира Галимова.

Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері 130 рюкзак жинады. Олар Хромтау қаласы мен жақын маңдағы елді мекендердің оқушыларына табысталды.

– Бұл акцияның маңызы зор деп санаймын. Ересектер балалардың игілігі үшін күш біріктіргенде, ол жай ғана көмектен әлдеқайда терең мағынаға ие болады. Өзіңнің шынымен де маңызды іске үлес қосқаныңды сезінесің. Осындай игі дәстүрдің бөлшегі болғаныма қуаныштымын, – дейді Jastar Ligasy белсендісі Бейбіт Тұрсынов.

Ақсу ферроқорытпа зауытында қала мен аудан оқушыларына 150 рюкзак дайындалды. Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлері әріптестерінің балаларына тағы 15 рюкзак сатып алды. Олардың қатарында көпбалалы және балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған отбасылар бар.

Ортақ бастамаға компанияның басқару аппараты мен Қарағанды өңіріндегі кәсіпорындардың қызметкерлері де қосылды. Бас кеңсе қызметкерлері 86 рюкзак жинаса, «Қазмарганец» кен басқармасы мен «Жәйрем марганеці» АҚ ұжымдары бірлесіп тағы 13 рюкзак дайындады.

– Бізде бұл акция әлдеқашан мектеп құралдарын жинаумен ғана шектелмейтін игі бастамаға айналды. Ол қызметкерлеріміздің бір-біріне және қолдауды қажет ететін жандарға көмектесуге әрдайым дайын екенін көрсетеді. Ең маңыздысы – бұл игі істің тікелей ұжымдардың, яғни цехтар мен бөлімше қызметкерлерінің және жастардың өз тарапынан бастау алуы. Командамыздың шынайы күші де осында, – деді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Ержан Абдулабеков.

 

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда