17 Қыркүйек 2026

Ақтөбе ферроқорытпа зауытына 1600°C-қа төтеп беретін жаңа қожтасығыш жеткізілді

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының автопаркі жаңа арнайы техникамен толықты. Кәсіпорынға жүк көтерімділігі 50 тонналық заманауи қожтасығыш жеткізілді. Ол №4 балқыту цехында жұмыс істеп, пештен шыққан ыстық қожды қайта өңдеу орнына тасиды. Техниканың құны 800 миллион теңгеден асады.

Қарапайым автокөлік үшін 1600 градус – ақылға сыймайтын жүктеме. Ал жаңа автоқожтасығыш үшін бұл – қалыпты жұмыс ортасы. Дәл сол себепті де қорғалған кабинадан бастап күшейтілген салқындату жүйесіне дейінгі барлық жабдығы экстремалды жүктемелерге төтеп беруге бейімделген.

Қожтасығыштар Ақтөбе ферроқорытпа зауытында тәулік бойы жұмыс істейді. Қазір кәсіпорында мұндай бес техника бар. Машина бір 12 сағаттық ауысымда 12 рейске дейін жасап, бір жолда 50 тоннаға дейін қож тасымалдай алады. Бұл ретте материалдың температурасы 1600 градусқа жетеді, ал техниканың өзі балқыту цехының шектеулі аумағында жұмыс істейді.

Жаңа қожтасығыш металлургиялық өндіріс жағдайында пайдалану үшін арнайы әзірленген. Термоқорғанысы бар кабина мен күшейтілген салқындату жүйесінен бөлек, бұл көлік екі бағытта басқарылатын руль жүйесімен жабдықталған. Бұл оның икемділігін арттырып, шектеулі кеңістікте техниканы аса дәлдікпен басқаруға мүмкіндік береді.

 – Балқыту өндірісі тәулік бойы жұмыс істейді, сондықтан мұндағы техника кез келген уақытта жұмысқа дайын болуы тиіс. Жаңа қожтасығыш автопаркіміздің пайдалану ресурсын арттырып, өндіріс қарқынын төмендетпей, оған техникалық қызмет көрсетуді тиімдірек ұйымдастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Руслан Казбеков.

ERG-дің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат ресми телеграм-арнамызда