ERG мен Павлодар облысының әкімдігі жыл сайынғы дәстүрлі өзара түсіністік пен әріптестік туралы Меморандум жасасты.
Топ биыл өңірде алуан түрлі бағыттағы әлеуметтік жобаларға 2,9 мдрд теңге қаражат құймақ. Құжатқа Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен Eurasian Resources Group-тің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов қол қойды. Қомақты қаражат аймақты әлеуметтік-экономикалық дамыту мен инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалады.
Кім және неге?
Меморандум аясында қаржыландырылатын жобалар Топ кәсіпорындары орналасқан қалалардың тұрғындары арасында өткізілетін сауалнама нәтижесінде айқындалып, талдау қорытындысында тиісті әлеуметтік бағыттар белгіленген. Биыл бұл қатарға білім беруді дамыту мен трансформациялау, қала инфрақұрылымын жақсартып, абаттандыру, медициналық мекемелерді жабдықтау жұмыстары енді. Оларды қаржыландыруға ERG биыл 2,95 млрд теңге бағыттайтын болады.
– Биыл – ERG-дің құрылғанына 30 жыл. Бүгінгі Меморандумға қол қою рәсімі – компанияның бизнесті орнықты әрі жауапты жүргізу ұстанымының бірі көрінісі. Жобаларды іріктеу барысында біз медицина, білім беру, спорт пен экологиялық жобаларға екпін түсірдік. Өйткені, осы жобаларға қолдау көрсете отырып, біз «туған қалаларымыздағы» тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға септесе аларымызға сенімдіміз,- деді ERG бақылаушы кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов.
Білім беру бастамалары
Меморандум Павлодар облысындағы білім беру саласын одан ары дамытуды көздейді. Арнаулы орта білім ордаларын, ондағы біліктілікті арттыру, халықаралық тағлымдамалар, әдістемені жақсарту қамындағы жобаларды енгізу сынды бастамаларды қамтыған «ERG колледждерге» бағдарламасын іске асыру жалғасын табады. Кәсіпорындардың қамқорлығындағы Павлодар мен Ақсу колледждерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Одан бөлек, былтыр компания қаражатына бой көтерген Қаражар ауылындағы мектепті абаттандыруға қолдау көрсету, Ақсу қаласындағы Абай атындағы мектепке спорт алаңын салу көзделген. Екібастұз қаласындағы «Особый дом» балалар коррекция орталығына қайырымдылық көмек көрсету жоспарланған.
Қала нысандары
Құжат қала нысандарын жаңғыртып, дамыту мәселелерін де қамтиды. Мәселен, Меморандум аясында Майқайың кентінің жылу желілеріне техникалық аудит жүргізіледі. Аудан орталықтарындағы инженерлік желілердің электронды сызбасын түзу қарастырылған. Одан бөлек, Ақсу қаласындағы үлкен 3 көшенінің жарықтандыру жүйесін жаңарту жоспарда бар.
Бастамалы бюджеттендіру
Меморандум аясында биыл Ақсуда «Tugan Qala» бастамасы шеңберінде 15 жоба қаржыландырылмақ. Бұл қала тұрғындарының өздері ұсынып, сарапшылардың көмегімен пысықтап, жобаға айналдырған бастамалары. Олар былтыр жалпы дауыс беру нәтижесінде жеңімпаз атанған. Осылайша, биыл былтырғы жылғы «жеңімпаз жобалар» қаржыландырылады.
Жобаның арқасында Ақсуда осыған дейін жаңа балалар мен спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер жолы, авто және велотұрақтар, аялдама павильоны бой көтерген. Қалалық жағажай мен қайық станциясы абаттандырылды. Жағажай енді мүмкіндігі шектеулі жандарға да бейімделген. Осы орайда, жобаның арқасында жергілікті қала инфрақұрылымын дамыту ісіне тұрғындарды да жұмылдыруда оң динамика беріп отыр. Яғни, тұрғындар елді мекеннің бюджетін үлестіру мен қаланы абаттандыру ісіне белсене қатысып, ат салысатын болды.
Облыстағы неонатологтар мен балалардың анестезиолог дәрігерлерін оқыту жоспарланған. Меморандум аясында Павлодар облыстық кардиология орталығына чиллерлер сатып алынады. Ол ғимараттағы ауаны салқындатып, желдетуге қажетті жабдық. Облыстық жедел жәрдем станциясына тасымалданатын инкубатор сатып алынады. Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға урологияда жиі қолдыналатын тулевой лазер жеткізіледі.
Саламатты өмір салтын қолдау мен абаттандыру
Құжат Ақсу қаласындағы спорттық-сауықтыру кешеніндегі спорт залға жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтыған. Ақсу қаласының аулалары абаттандырылады. Павлордардағы Металлургтер саябағын абаттандырудың жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу басталады. Меморандум аясында аймақтағы жасыл желек қорын толқтырып, көшет егу де көзделген.
ERG қызметін бастағалы бергі 30 жыл бойы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Меморандумдар аясында аймақта осыған дейінгі жылдары іске асқан жобалар туралы ақпаратты мына және мына сілтемелерден таба аласыздар.
Қазіргі таңда ERG-дің кәсіпорындары орналасқан өңірлерге құйған әлеуметтік инвестицияларының жалпы көлемі – 310 млрд теңгеден асқан. ERG қызметін бастағалы бері жалпы сомасы 95 млрд теңгелік меморандумдарға қол қойған.