04 Наурыз 2025

Дөң ТКБК «Болашақ» шахтасының жұмысын сараптауға әлемнің жетекші зерттеу институттары жұмылдырылды

Ақпанның 28-і күні «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинаты «Болашақ» шахтасының өндіріс блогында бұрғылау жұмыстары барасында оқыстан жалын тұтанған болатын

Салдарынан 4 қызметкер – 1 бұрғылаушы мен 3 ысырмашы маманды күйік шалды.

Оқыс оқиға кезінде шахтада болған барлық қызметкер шұғыл түрде түгел жоғары көтерілді.

Зардап шеккен 4 маман Хромтау қаласының ауруханасына жедел жеткізілген. Дәрігердің қабылдауынан соң мамандардың бірі үйіне қайтарылып, қалған екеуі жарақат бөліміне жатқызылды. Енді бір маман жан сақтау бөліміне түсті. Шұғыл медициналық көмек қажет болуы мүмкін болғандықтан, Ақтөбеден Хромтауға білікті мамандар, соның ішінде комбустиолог пен хирург арнайы алдырылған.

Наурыздың 3-і күні Ақтөбе мен Астана қаласындағы медицина мамандары  жұмылдырылған консилиум өткізіліп, зардап шеккен қызметкерді облыс орталығына жеткізу мәселесі қаралды. Наурыздың 4-і күні ол Ақтөбе қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілген. Компанияның басшылары оның туған-туыстары және дәрігерлермен тұрақты байланыста.

«Болашақ» шахтасының өндіріс блогындағы бүкіл жұмыс оқиға себептері анықталғанша тоқтатылған. Оқыс оқиғаның себептерін арнайы құрылған комиссия анықтауы тиіс. Бұл жұмысқа жетекші қазақстандық және әлемдік зерттеу институттарының мамандары да жұмылдырылды.