А. А. Машкевич – Қырғыз мемлекеттік университетін тәмамдаған. Ол педагогика ғылымдарының кандидаты, философия ғылымдарының докторы.
Қазақстанның металлургия, энергетика мен көлік тасымалы салаларындағы бірқатар ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын біріктірген Еуразиялық өнеркәсіп қауымдастығының (ЕӨҚ), кейін келе Eurasian Resources Group (ERG) негізін қалаушылардың бірі ретінде ұзақ жылдар бойы компанияны басқару мен дамытуға барынша белсенді ат салысты. Ол 2014 – 2024 жылдар аралығында Eurasian Resources Group Директорлары кеңесіне төрағалық етті. Ұзақ жылдар бойы «Еуразиялық банк» АҚ Директорлары кеңесінің төрағасы болды.
Оның жетекшілігімен ауқымды жұмыстар атқарылып, көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асты, жаңа өндіріс ошақтары іске қосылды. 2007 жылы елдегі жалғыз жоғары сапалы бастапқы алюминий өндіруші – Қазақстан электролиз зауыты салынды. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 балқыту цехы іске қосылды. Соның арқасында кәсіпорын феррохром өндірісіндегі әлемдік көшбасшылар қатарына кірді.
Александр Антонович Қазақстан тау-кен металлургия секторын дамытуға сүбелі үлес қосты.
1999 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі болды. Кеңестің жалпы отырыстарында елдегі өзекті саяси және экономикалық мәселелерді тақылауға белсене қатысты.
2000 жылы А. Машкевичтің бастамасымен Қазақстандағы Еврейлер конгресі құрылды. Ол Еуразиялық және Қазақстан еврейлер конгрестеріне жетекшілік етті. Ол ұлтаралық және дінаралық диалогты нығайту жолында талмай еңбек еткен.
А. Машкевичтің тікелей қамқорлығымен көптеген әлеуметтік және білім беру бастамалары жүзеге асырылды.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін «Құрмет» (2001 ж.) және ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен (2021 ж.), өндіріс, әлеуметтік-экономикалық сала және қоғамдық белсенділігі үшін «Парасат» ордендерімен (2016 ж.). марапатталған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін оған І дәрежелі «Барыс» ордені (2021 ж.) табыс етілген.
ERG-дің мыңдаған еңбек ұжымы Aлександр Антонович Машкевичтің қазасына байланысты оның отбасына қайғыра көңіл айтады.